Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда маусымда қай көлік түрлері ең көп сатылды?

Еліміздегі жаңа автокөліктердің сатылымы 11,9 мың дананы құрады

 Динара Амантай 25.07.2022 | 10:46
Қазақстанда маусымда қай көлік түрлері ең көп сатылды?
Фото: Halyq Uni

Құрамдас бөлшектерді жеткізу мәселелері, әсіресе жартылай өткізгіштердің тапшылығы, сондай-ақ Қытайдың COVID-19-ға байланысты нөлдік төзімділік шектеулері жаһандық автомобиль өнеркәсібінің өсуіне және саладағы сұранысты қанағаттандыруға кедергі келтіріп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Осылайша, маусымда Еуропада 1,1 миллион данаға жетер-жетпес автокөліктер сатылды. Өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,8%-ға аз. Теріс динамика, Еуропалық автомобиль өндірушілері қауымдастығының (ACEA) мәліметтері бойынша, он бірінші ай қатарынан тіркеліп отыр және бұл аталған мәселелерден басқа, Украинадағы шиеленіске байланысты логистикалық ақаулармен қиындай түсті.

Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, Еуропа елдері арасында биылғы жылдың маусым айында жаңа көліктер сатылымында Германия көш бастап отыр: мұнда 224,6 мың автокөлік сатылған – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1%-ға аз. Одан кейінгі орында Франция: 171,1 мың автокөлік – бір жыл бұрынғыдан 14,2%-ға аз. Біріккен Корольдік 141 мың жаңа көлік сатылған алғашқы үштікті жабады, алайда мұндағы көрсеткіш бірден 24,3%-ға төмендеген, бұл 1996 жылдан бері маусым айындағы ең төменгі көрсеткіш.

Көршілес Ресейде бір жыл ішінде сатылым бірден 82%-ға төмендеп, 2022 жылдың маусымында небәрі 27,8 мың автокөлікті құрады, Беларусьте – 68%-ға төмендеді, яғни 1,1 мың автокөлікті құрады.

Жалпы, бірінші жартыжылдықта Еуропадағы сатылым 5,6 млн жаңа автокөлікті құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға аз. Ресейде сатылым 57%-ға төмендеп, небәрі 370,2 мың автокөлікті құрады, Беларусьте – 47,2%-ға, 11,9 мың автокөлікті құрады.

Еліміздегі автомобиль өнеркәсібіндегі жағдай анағұрлым жақсырақ болып көрінеді: маусымда жаңа автокөліктердің сатылымы 11,9 мың дананы құрады, бұл 2021 жылдың маусымымен салыстырғанда небәрі 1,1%-ға аз. Отандық автокөліктердің үлесі жалпы сатылымдағы 83,5%-ға дейін өсті.

Жалпы биылғы қаңтар-маусым айларында 51,9 мың жаңа көлік сатылды, бұл 2021 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 8%-ға ғана аз.

Қазақстанның қалаларына шаққанда 2022 жылғы маусымда жаңа автокөлік сатылымының жартысынан көбі 3 мегаполистің үлесіне тиді: Алматыда 3 мың көлік, Нұр-Сұлтанда 2,5 мың және Шымкентте 1,4 мың көлік сатылды. Сатудың айтарлықтай көлемі Қарағанды (810 бірлік) және Қостанай (712 бірлік) қалаларында да байқалды.

Биылғы маусым айында ең көп сатылған автокөлік үлгілері Chevrolet Cobalt (2,5 мың бірлік), Chevrolet Nexia (1,2 мың бірлік) және Hyundai Tucson (727 бірлік) болды.

 Айта кетсек, маусым айында сатылған жаңа көліктердің ең танымал 10 моделінің ішінде төртеуі Hyundai брендіне (Tucson, Elantra, Sonata және Santa Fe) түскен. Сонымен қатар, Chevrolet (Cobalt және Nexia) және Kia (Sportage және Soul) екі моделі, сондай-ақ Lada (Granta) және Toyota (Land Cruiser Prado) модельдері сұранысқа ие болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама