Halyq Uni логотип
×

Кешкі алтыдан соң тамақтанбау: кім нені ескермей жүр

Төрегелді Шарманов кешке қандай ас ішу керектігін айтты

 Халық үні 25.07.2022 | 09:59
Кешкі алтыдан соң тамақтанбау: кім нені ескермей жүр
Төрегелді Шарманов, ғалым

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов «кешкі алтыдан кейін тамақтанбау керек» деген пікірге қатысты кеңесін айтты.

«Кешкі алтыдан соң тамақтанбау керек дегенді тек артық салмағы бар кісілер үшін ғана қолдануға болады. Ал, басқа қызметтегі, әсіресе, ауысыммен кешкі 6-да жұмыста болатын кейбір мамандық иелеріне тыйым сала алмаймыз. Сондай-ақ, көптеген кеңсе қызметкерлерінің жұмыс кестесі кешкі 6-да аяқталатындықтан, кешкі асты дайындап тамақтанамын дегенше кешкі сағат 8 болуы мүмкін.

Күні бойына жұмсаған энергия шығынының орнын кешкі аспен тиімді толтыру қажет. Кешкі астың жеңіл сіңімді, сүт, жарма мен көкөністердің асылған, бұқтырылған түрлерін тұтынған дұрыс. Ауыр қорытылатын - майлы, қуырылған тағамдар болған жағдайда сіңімділігін жылдамдататын көкөніс салаттарымен бірге, ет тағамдарын ашыған сүт өнімдерімен үйлестіре, зат алмасуды жақсартатын көкөніс шырыны мен көк шәй қолданса астың қорытылуы жылдамдайды», - деп кеңес берді ғалым.

Ғалым қозғалысы аз, дұрыс тамақтанбайтын жастар, сондай-ақ, жасы ұлғайған адамдар арасында іштің қатуы көп кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, іштің қатуы ішектегі ашу, божу үрдістерін бұзып, үлкен дәреттің іркілуіне, ішектегі іркілген қалдық заттар уытты қасиетке ие болып, ағзаның уыттануына әкелуі мүмкін.

«Ол өт жолы қабыну ауруларынан басқа, бірден-бір тамақтағы тағамдық талшығы мол көкөніс тағамдары, салаттар мен кейбір жемістердің, ашытылған сүт өнімдерінің аз түсуінен, құрғақ фаст-фуд тағамдарын жиі қолданудан, тәулік бойына ішілетін сұйықтық және су мөлшерінің 1,5-2 литрден кем түсуінен болады. Үй жағдайында күніне 2-3 рет 50 гр. шикі қызылша, сәбіз, алманы үккіштен өткізіп, өсімдік майымен салат түрінде не шырынын сығып ішуге болады. Ертеңгілік асқа сұйық сұлыдан жасалған сүт көжесін, түске көкөніс сорпасы не көжесін қара нанмен, бесіндік асқа йогурт, кешке өсімдік майы қатылған шикі көкөністер салатымен буға пісірілген тағамдар, жатарда 1 кесе айран қолданылып отырса, ішектің жиырылғыштық қызметі жақсарады», - деп жазды ғалым.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама