×

«Болашақ» бағдарламасының тізіміне енетін ресейлік университеттер анықталды

Тізімге барлығы 27 елден 200-ден астам университет енгізілген

 Ербол Тұрымбет 28.01.2022 | 14:17
коллаж: Halyq Uni

Ресейдің жетекші техникалық университеттері «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енді.

​Тізімге барлығы 27 елден 200-ден астам университет енгізілген. Енді техникалық бағыттағы мамандарды даярлайтын тізімге ресейлік ЖОО-лардан Н.Е.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, «MИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу физика-техникалық институты енді.

Сондай-ақ министрлік «МИСиС» Ұлттық зерттеу техникалық университетін және ИТМО Ұлттық зерттеу университетін тізімге енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Жалпы тізімде әлемнің 30-ға жуық мемлекетінің 200-ден астам үздік университеті бар. Қазақстандықтарға мемлекетпен қатар жоғары оқу орнын таңдаудың үлкен мүмкіндігі ұсынылып отыр. Біз тек өткен жылы ғана тағы төрт мемлекетті қосып, бағдарлама ауқымын кеңейттік. Олардың ішінде Австрия, Чехия, Ирландия мен Оңтүстік Африка бар. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвард университетіне, Массачусетс технологиялық институтына, Оксфорд университетіне немесе Принстон университеті және тағы басқаларына оқуға түсу мүмкіндіктері бұрынғыдай қала береді. Әлемнің 200-ден астам ЖОО-сы бар тізім Ресейдің үздік жоғары оқу орындарымен тағы толыққаны біздің түлектерге университет таңдау мүмкіндігін одан әрі ұлғайтып, техникалық бағыттар бойынша білім алудың қолжетімділігін арттырады. Бұдан бөлек біз техникалық бағыттағы мамандықтарға басымдық беріп отырмыз, – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

21 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» білім беру бағдарламасының бағыты өзгертетінін мәлімдеп, Үкіметке елімізде білім беру жүйесін қайта қарастыру қажет екенін тапсырды.

«Мен жалпы елдің білім беру саласын қайта құрғым келеді. Біз экономистерді, заңгерлерді, менеджерлер мен тағы басқаларын тым көп шығарамыз. Бізге қазір білімді техникалық бағытқа бұру қажет. «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, соның ішінде Ресейге жібереміз. Бәлкім, бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық оқу орындарына жіберетін шығармыз», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама