Жеңілдіктер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының» ұсынысы бойынша тағайындалған «операторлар» арқылы жүзеге асырылып келеді
Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Facebook-тегі парақшасында отандық мұнай-газ саласында орын алып жатқан әділетсіздік туралы жазба қалдырды.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу балалары мұнай-газ саласын меншігіне айналдырып алған болатын. Бірақ «Жаңа Қазақстан» орнаған соң бұл сала ашық бола ма? Қайдам. Бұрын мен фермерлерге жанар-жағармай бөлу мәселесі тек кулуарда ғана шешіліп жүргені туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Жеңілдіктер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының» ұсынысы бойынша тағайындалған «операторлар» арқылы жүзеге асырылып келеді. Енді мен мұнай-газ саласының тағы бір сыбайлас жемқорлық схемасын ашқым келеді, - деп жазды Мұхтар Тайжан.
Автордың айтуынша, барлық мұнай өндірушілер өздері өндірген мұнайды ішкі нарықта сатудан гөрі көбірек экспорттауға ниетті. Себебі, бұл тауар шетелде долларға және әлемдік бағамен саудаланады. Ал ішкі нарықта ол теңгеге және төмен бағаға сатылады. Бұл екі сатылымнан түсетін кірістің айырмашылық жер мен көктей.
«Энергетика министрлігі экспорттық квоталарды шетелдік жер қойнауын пайдаланушыларға басымдық беріп отыр. Сондай-ақ, әртүрлі мұнай өндірушілерге бұл квотаны әртүрлі бөледі. Яғни, министрліктегілер шетелдік компанияларға мол табыс табуға жағдай жасап отыр. Неге олай? Экспорттық квоталарды кім және қандай өлшемдер бойынша анықтайды? Бизнес үшін, оның ішінде мұнай-газ бизнесі үшін жағдайлар бірдей және тең болуы тиіс деп санаймын. Квоталарды бөлу тең, ашық және бірдей өлшемдер бойынша болуы тиіс. Шенеуніктер мұнай бизнесінің миллиардтық кірісін өздеріне ғана түсінікті қисынға сүйене отырып бөлмеуге тиіс. Осыдан-ақ терең және жүйелі сыбайлас жемқорлықтың негізі бар екенін көруге болады.
Қоғам белсендісі Энергетика министрлігінің осы мәселе бойынша жауабын тыңдағысы келеді.
Егер мен қателессем, жағдайды түсіндіріп беріңіздер. Бірақ «Жаңа Қазақстан» - бұл ең алдымен ашықтық! Және біз мұнай мен газ саласын халық үшін ашық - абсолютті траспарентті етуге тиіспіз, - деген автор жазбасының соңында.