Қазақстан жаңа жылда парламенттік сайлау өткізуге мүлдем дайын емес
Қазақстан халқы 5 маусымда Жаңа Қазақстанға дауыс беріп, Ата заңға өзгерістерді құптады. Биліктегі барлық биік лауазымды тұлға бұл күнді тарихи деп атады. Содан бері бір жарым айдан астам уақыт өтті. Парламент депутаттары каникулға кетті. Үкімет арқаны кеңге салды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
16 наурызда Президент жолдауында жарияланған саяси жаңғыруларға сәйкес және референдумда қабылданған конституциялық түзетулер талабы бойынша Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуға тиіс. Әкімдер мен олардың орынбасарларына да партия филиалдарын басқаруға тыйым салынған. Алайда, тек Қ.Тоқаев қана Amanat партиясының төрағалығынан бас тартып, одан кетті. Ал басқалары бұлай жасамаған. Не себеп? Әлде республика ескі Қазақстанға кері домалап кетті ме?
Сарапшылардың түсіндіруінше, конституциялық реформалар өз ретімен жүзеге асырылады. Олар өмірге жолдама алуы үшін ең алдымен тиісті заңдар қабылдануы шарт. Бірақ Үкімет, соның ішінде Әділет министрлігі тиісті заң жобаларын әзірлеуді кешіктіріп жатыр.
Қазақстан Президентінің 16 наурызда жариялаған конституциялық реформасы жаңа партиялардың қаптап құрылуына мүмкіндік беретіні де көп айтылды. Конституциялық кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов сол кезде жаңа партияларды тіркеу туралы 30-дан астам өтініш келіп түскенін мәлімдеген. Бірақ содан бері бірде бір жаңа партия құрылмады. Оны аз десеңіз, Әділет министрі Қанат Мусиннің мәлімдеуінше, олардың бірде бірі тіркелудің үш кезеңінен де өтпеген. Тіпті, съез өткізіп, партия мүшелерінің қолын жинап болған, яғни бәрінен алға озған 4 бастамашыл топтың өзі Әділет министрлігінің тексеруінен сүрінді.
Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус пандемиясы қайтадан өрши бастады. Бас мемлекеттік санитар талаптарды күшейтуге кірісті. Жақын арада біраз өңір "қызыл" аймаққа өтуі ғажап емес. Демек, көп халықты бір жерге жинауға тыйым салынуы мүмкін. Егер карантин шаралары күшейтілса, бұл жаңа партиялардың құрылысын тоқтататыны даусыз.
Осы орайда бастамашыл топтар Әділет министрлігінен әр өңірден делегаттарды орталыққа, залға жинамай, жаңа партия съезін онлайн, Zoom, тіпті әлеуметтік желі арқылы өткізе салуға рұқсат сұрап жатыр. Бұл карантин жағдайында да партия ашу процесін тоқтатпауға мүмкіндік берер еді.
Сарапшылардың айтуынша, биылғы жыл соңына дейін Қазақстанда жаңа партиялар құрылып үлгермесе, келесі жылы Парламент сайлауын өткізуге болмайды. Өйткені олар электорат арасында өз мақсат-миссияларын түсіндіріп, өзін насихаттап, танытып үлгермейді, демек, бәсекеде мүйізі қарағайдай ескі партиялармен үзеңгі қағыстыра, тең бәсекелесе алмайды. Олай болса, жаңа парламенттік сайлау ескі билік кезіндегідей кезекті көзбояуға айналып шыға келмек.