Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы қызметінен кетті

Ербол Тұрымбет

Болат Төкежанов қор төрағалығынан кетті

фото: ашық дереккөзден

Болат Тұрғанұлы қызметтен 27 қаңтар күні кеткенін әлеуметтік желідегі қоштасу хатында жазған. Экс-төраға хатында өзі басқарған уақытта ел бойынша медициналық көмекті қаржыландыру 2 есе, яғни 2 трлн теңгеге дейін өскенін, оның 800 млрд теңгесі МӘМС қоры есебінен болғанын айтады. 2021 жылы жасалған диагностикалық зерттеулердің саны 2020 жылға қарағанда 9,9 млн-нан 15 млн-ға дейін өскен. Компьютерлік томография 747 мыңға дейін 3 есе, МРТ 218 мыңнан 554 мыңға дейін артқан. Жоспарлы оталар да 12% көбейген.

БОЛАТ ТӨКЕЖАНОВ

1972 жылғы Шығыс Қазақстан облысының тумасы, мамандығы «экономист». Ол қор төрағасы болып 2020 жылғы 12 шілдеде тағайындалды. 2020 жылы алдыңғы басшы Айбатыр Жұмағұловтың қызметтен кетуі үлкен резонанс алып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге назар аударған еді. Нақтырақ айтқанда, қор басшысын қызметінен алып, орнына сәнқой емес, әлдеқайда іскер адамды қоюды тапсырған болатын.