22,5 млн теңге артық есептелген. Петропавлда монополистке қатысты сот үкімі шықты
Шоттарға орталық жүйеге қосылу нүктесінен үйдегі есептегішке дейінгі құбыр бөлігіндегі жылу шығыны үшін төлем қосылған
Бұл даулы оқиға өткен жылдың күзінде Петропавлдың жеке секторының 850-ге жуық тұрғыны жылу үшін ойламаған төлемдерді ала бастаған кезде басталған болатын. Шоттарға орталық жүйеге қосылу нүктесінен үйдегі есептегішке дейінгі құбыр бөлігіндегі жылу шығыны үшін төлем қосылған. Сонымен қатар кейбір тұтынушылар үшін шығындар жылу үшін төлемнен де асып түсті. Қайдан келгені белгісіз шығындар үшін төлем сомасы 5-тен 25 мың теңгеге дейінгі аралықта болды.
Күрт көтерілген жылу төлеміне қатысты жағдай қала тұрғындарының наразылығын тудырғаны айтпаса да түсінікті. Мұндай қымбат төлемдерді бәрі бірдей төлеуге шамасы келмеді. Оның үстіне тұтынушылар энергетиктер шығындарды қандай әдіспен есептеп, қандай негізде осындай сома шығарғанын түсіне алмады.
Бұл жағдай қоғамның және энергетикалық кәсіпорын мамандарының қатысуымен бірнеше рет кездесулер өткізуге себеп болды. Нәтижесінде монополияға қарсы департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді. Тарифтік ведомство жылу энергиясы шығындарының есебін жарамсыз деп танып, есептеулер жүргізуді тоқтатуды және Петропавл халқына 2020-2021 жылдарға қайта есептеуді талап етті. Іске қатысатын прокурор департаменттің талап-арыз талаптарын толық көлемде қанағаттандыру туралы қорытынды берді.
Бұл процеске үшінші тұлға ретінде реттелетін қызметтердің тұтынушылары, энергетика министрлігі, ҚР ИИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, Петропавл қаласы әкімдігінің, «Петропавл жылу желілері» ЖШС өкілдері, сондай-ақ сот маман ретінде тартқан тұлғалар қатысты, - деп хабарлады департаментте.
Осы жылдың сәуір айында сот «өз қолданысын тоқтатқан әдістеме негізінде жүргізілген жылу энергиясы шығынын есептеулерін жарамсыз» деп тани отырып, департаменттің талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сондай-ақ, сот «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушылардың балансындағы желілер бойынша жылу шығындары үшін есептеулер жүргізу жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп танып, ЖШС-ге 2020-2021 жылдар кезеңінде жылу шығындары үшін есептелген соманы сот шешімі күшіне енген сәттен бастап бір ай ішінде төлеген жағдайда есептеулер жүргізуді тоқтатуға және тұтынушыларға қайта есептеу жүргізуге міндеттеді.
Ал 29 маусымда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сөйтіп, жақында «Севказэнергосбыт» ЖШС Петропавл қаласының тұрғындарына жылу шығындары үшін ҚҚС есебімен 22,5 млн теңге сомасына қайта есептеу жүргізді. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.