×

«Тұрғындар 60 мың теңге жалақысы бар жұмысқа шыққысы келмейді» – ШҚО әкімдігі

Әкімдік өкілінің айтуынша, бұған дейін шамамен екі жыл қатарынан Альфия атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған

 Қанат Атаманов 22.07.2022 | 22:39
Фото: ашық дереккөздерден

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Күршім аулының тұрғыны Альфия Қырықбаева көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай отыр. Себебі комиссия мүшелері қорадағы өзгенің малын көпбалалы ананың табысы ертінде есептеп, көмектің болмайтынын жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бес баланың анасы Альфия Қырықбаеваның айтуынша, жолдасының да тұрақты жұмысы жоқ. Бір кездері қалаға да барып жұмыс іздеп көрген екен.

Жолдасымның маусымдық жұмысы бар. Мектепте күзден көктемге дейін от жағады. Ал жаздыгүні басқа ешқандай табысымыз болмайды. Тек осы балалардың жәрдемақысына күн көріп отырмыз. Күйеуім бір кездері қалаға барып жұмыс істеп көрді. 40 мың теңге ғана тапты. Ол жақта да мардымды жұмыс жоқ. Қала мен ауылдың арасы шамамен екі сағат, - дейді келіншек.

Қазір көп балалы ана шамамен 60 мың теңгенің үстінде жәрдемақы алады. Айта кетсек, кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар немесе 23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан тұрақты көлемде жәрдемақы тағайындалады.

Альфия Қырықбаеваның жағдайында 5 балаға 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге беріледі. Алайда, келіншек бұл қаражаттың жыртығын жамауға жетпейтінін айтып қынжылуда. Осылайша, келіншек бүгінде мемлекеттің жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын тұлғаларға тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмегін алуға ниеттенген.

Бірақ әкімдіктен келген комиссия Альфияның бұл өтінішін қанағаттандырмапты.

«Қазір біз қайын ағамның үйінде тұрып жатырмыз. Оның малы бар. Біздің отбасымыздың ешқандай малы жоқ. Ол малдан біз ешқандай пайда көрмейміз. Комиссия келген кезде «малың бар» деп, атаулы әлеуметтік көмек бермейтіндерін айтты. Біздің тіпті, өз баспанамыз да жоқ», - дейді Альфия Қырықбаева.
Күршім ауылдық округінің әкімдігі бұл отбасыға қатысты өз деректерін айтады.

«Иә, олар расымен де қайын ағасының үйінде тұрады. Шындап келгенде оларда 20-дан асатын мал мен үйлерінен тыс жерде кішігірім фермалары бар. Тиісінше, олар барлығы бір үйде тұрғандықтан мал-жайдың бәрі ортақ табыс ретінде есептеледі. Ол бөтен адамның үйі емес, олар туған бауырлар. Мал ағасының атында болғанымен, бір үйде тұрғандықтан ортақ саналады. Тіпті, үйде зейнеткер болса, оның зейнетақысы да кіріске кіреді. Ал мал кіріс болып саналады. Міне, сол себептен бұл отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған жоқ. Егер олар барлығы үйді жалдап тұратын болса бір жөн, бәлкім ондай кезде басқаша есептелер. Бірақ Альфия Қырықбаева жолдасымен бірге онда тегін тұрып жатыр», - деді Күршім ауылдық округі әкмідігінің іс басқарушысы Жанат Раисова.

Әкімдік өкілінің айтуынша, бұған дейін шамамен екі жыл қатарынан Альфия атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған. Алайда, комиссия келіншектің кезекті өтінішінен кейін тексеріске барған кезде отбасының жағдайы қанағаттанарлық болған. Тіпті, кішігірім саудамен айналысатындарын да көрген екен.

Бүгінде Күршім ауданының орталығы Күршім ауылында шамамен 8 мыңнан астам тұрғын бар. Жанат Раисова «ауылда жұмыс жоқ» деген жалқаулардың сөзі дейді. Көбі мемлекеттің ақшасына өмір сүргілері келеді екен.

Ауылда жұмыс бар, тек ниет болса болғаны. Бірақ ауылдың тұрғындары жұмыс істегісі келмейді. Мемлекеттің ақшасына өмір сүргісі келеді. Мен жұмыссыздарға әрдайым «жұмыспен қамту орталығына барыңдар» деп үгіттеймін. Шынымен де жағдайларың қиын болса, жалақысы 60 мың теңгені құрайтын жұмысқа шығыңдар деймін. Өздері ондай жұмысқа барғылары келмейді. Қыстыгүні қар, күзде жапырақ тазалау жұмыстары басталады. Бізге осындай жұмысқа адамдар керек. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жұмыс іздеп жүргендерге хабарландырулар көп. Бірақ тұрғындар ондай 60 мың теңгенің жұмысына шыққылары келмейді, өйткені оларда одан көп табыс бар. Олар тек мемлекеттен қосымша ақша алғысы келеді, - деді Жанат Раисова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама