«Ешқайсы жойылған жоқ»: Атырауда инженерлер жолдың жағдайын айтып дабыл қақты
Атырау облысында инженерлер жол құрылысын тексеріп жатыр
Жыл басынан бері Атырау облысындағы жергілікті маңызға ие жолдардан 21 ақау анықталған. Бұл туралы «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Атырау облыстық филиалының инженері Нұрлан Жантөрин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жантөриннің айтуынша, филиал өкілдері қаңтар мен маусымның соңына дейін жоспар бойынша жергілікті маңыздағы жолдарға 100 пайыз сараптама жүргізген.
«Инженерлер 50 рет тексеріске шығып, 21 ақауды анықтады. Әзірге ақаудың ешқайсы жойылған жоқ. Атырау қаласы Балықшы ықшам ауданынан Зарослый елді мекеніне дейінгі аралықтағы жөнделіп жатқан 5,7 шақырым жолдан асфальт-бетон жолының төменгі жағының шөккені анықталды. Сондай-ақ асфальт-бетонның төменгі қабаты біркелкі бірікпеген. Анықталған ақаудың басым бөлігі нормативті-техникалық құжаттардың болмауы және құрылыс нысандарында техникалық қадағалаушының жоқтығынан болған», - дейді Жантөрин.
Сонымен қатар Исатай ауданы Аққыстау ауылында салынып жатқан 16,3 шақырым жол мен Ерғалиев ауылында күрделі жөндеу жүріп жатқан 8,6 шақырым жолды тексеру кезінде техникалық қадағалаушының жоқ екені анықталды. Дәл осындай талаптың орындалмауы Құрманғазы ауданындағы 0-36 шақырым «7 жол айрығы – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сүйіндік» жолын және Қызылқоға ауданы Сағыз ауылындағы 6,8 шақырым жол құрылысын тексеру кезінде анықталды.
Ал Аққыстаудағы 16,3 шақырым және Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы 10,9 шақырым жолдың нормативті-техникалық құжаты болмаған.
«Мердігер мекеме өкілдері техникалық қадағалаушының жоқ екенін кей нысанда әлі жол құрылысы жұмыстарының қарқынды жүріп жатпағанымен байланыстырады. Дегенмен жарты жыл ішінде сараптама нәтижесі бойынша мердігер мекемелердің жолды және асфальт-бетон жабындысын қайта салу жұмыстары тіркелген жоқ. Соған байланысты мемлекеттік сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасына хат жолданды, - дейді Нұрлан Жантөрин.