Заң жобасын талқылауға жұртшылық пен сарапшылар тартылады
Премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасын 4 ақпанға дейін үкімет кеңсесіне енгізуді тапсырды.
Заң жобасында жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің түрлері, оларды қолдану негіздері және басқа да ережелер қарастырылған.
Үкімет басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, осыған орай 18 заңнамалық актіге – 7 кодекс пен 11 заңға түзету енгізу жоспарланған. Премьер-министр заң жобасын талқылауға жұртшылық пен сарапшыларды тартуды тапсырды.
Айта кетейік, Қазақстанда жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң қабылдау мәселесі талай рет көтеріліп келді. Бірақ Үкімет бұл жұмысты енді қолға алып жатыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артқанын айтты.