Байзақтағы жер дауы: «300 мың теңгеден жинап беріңдер»

Ұлдана Жұбай

Құмжота ауылының тұрғындары құжатының заңды екенін айтады

Halyq Uni / Uldana Zhubay

Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғындары «заңды жерімізді әлдебіреу тартып алмақшы» деп бас көтерді. Ауданға қарасты Құмжота ауылының жұрты 20 жылдан бері тұрып келе жатқан жерінің кенет иесі табылып, енді тез арада босатуды талап етіп отырғанын айтады. Баспанасыз қалудан қорыққан тұрғындар бұған ауылдың бұрынғы әкімін кінәлап отыр. Олардың сөзінше, елді мекеннің бұрынғы басшысы Ерік Әлиқұлов жалған құжат жасатып, жер телімдерін заңсыз саудаға салған. Салдарынан қазір бір жердің үш бірдей иесі табылып, енді олардың арасында талас туындады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.   

2006 жылы Бақытжан Базарбаев есімді тұрғынның атасы ауыл округі әкімінен 3 гектар жерді 49 жылға жалға алу туралы келісім жасасқан. Алайда құжаттарды толық рәсімдегенше қайтыс болған. Ауыл әкімі марқұмның әйелінен жерден бас тарту туралы келісімге қол қоюын өтініп, 2016 жылы 3 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ауыл округі әкімі жеке тұрғын үй құрылысы үшін 20 азаматқа жерді үлестіріп береді. Араға біраз жыл салып, марқұмның немересі Бақытжан Базарбаев атасынан қалған жерді босатып беруін талап етіп отыр. Ал ауыл тұрғындары заңды құжатының бар екенін айтып, жерді беруден бас тартты.

«2012 жылы жер алдым. Ол кезде жерді жекешелендіріп, атыма жазып бермеді. Яғни, бастапқыда жалға берді. Заң сондай еді. 3 жылдың ішінде үй салсам ғана атыма аударады. 2015 жылы үй салып, әкімшіліктен «жекеменшік құқығы берілсін» деген мемлекеттік акт алдым. Сол кезде жерімді спутникке түсірді. Оның қорытындысы бойынша жер осыған дейін ешкімнің атына тіркелмеген екен. Яғни, менен басқа иесі болмаған. Мен салық төледім. Ол кезде де жерім ешкімнің меншігінде емес еді. Енді келіп жеріңіздің иесі бар дейді. Жасым жетпіске келгенде, үйсіз-күйсіз қаламын ба?» - дейді ашуға булыққан ауыл тұрғыны Нұрғазы Көкішев.

13 жылдан бері Құмжота ауылында тұратын Гүлмира Бақтыбаева бұл істе шикілік барын айтады. Оның сөзінше, бұл атқамінерлердің ақша жасау амалы. 

«Бұл жерде он жылдан астам уақыттан бері тұрамын. Газға, таза ауыз суға, не жолға жарымадық. Енді, міне, мына жағдай жығылғанға жұдырық болып отыр. Бақытжан Базарбаев деген кісі келіп, «бұл жердің иесі – мен, босатыңдар, жоңышқа егемін» деп отыр. Біз босатпаймыз десек, «онда үйлеріңді сүріп тастаймын, не болмаса 300 мың теңгеден жинап беріңдер» деп бопсалады. Бұлар жақында жерге жалған құжат жасатып, заңдастырып алған ғой. Ақша жасаудың осындай амалын тапқан», - дейді ол.

Тұрғындардың сөзінше, жер дауы осыған дейін мамырда сотта қаралды. Сот медиация рәсімін қолдану туралы шешім шығарған. Осылайша жер қатынасы мамандары Бақытжан Базарбаевқа бос жерді пайдалануды ұсынған. Алайда бұл ұсыныс оған ұнамаса керек, ол әрбір үйдің иесінен 300 мың теңгеден талап етіп отыр.

«Әрбір заңсыз салынған үй үшін 300 мың теңгеден талап етіп отырмын. Себебі олар біреудің жеке секторына кіріп, өз мақсатына пайдаланған. Тұрғындар сотқа жүгінсін, басқа жаққа барсын, маған бәрібір. Мен заң аясында жерімді қайтарып алуды талап етемін», - дейді  Бақытжан Базарбаев.

Ал ауыл округі әкімі тұрғындарды баспанасыз қалдырмайтынын айтады. Өзара келісім жасау арқылы жақын арада бір мәмілеге келетініне сенімді.

«2016 жылы Әшенова деген азаматша өз еркімен жерді мемлекет меншігіне өткізген. Қазір ол кісі өз сөзін қайтып алып, «жерімді кері аламын» деп сотқа хат жолдаған. Сот ұйғарымымен жер иесіне қайтарылды. Алайда бұл тұрғындарды үйсіз қалдырады деген сөз емес. Мәселені жан-жақты қарап, тез арада шешуге тырысамыз», - деді Бурыл ауыл округінің әкімі Ерлан Әшірбеков.