Ол Бибісараның анасы тарапынан қызғаныш болуы мүмкін екенін алға тартып отыр
3 миллиард теңгеге қатысты дау әлі басылар емес. Бұл жолы Қазақстан шахмат федерациясының өкілдері тілшілермен кездесіп, Бибісара Асаубаеваның жазбасына қатысты пікір білдірді деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Еске сала кетсек, бірер апта бұрын жас спортшы «шахматқа 3 млрд теңге бөлудің қажеті жоқ, ол ақша еліміздің басқа қажеттілігіне жұмсалсын» деген болатын. Оған қоса «чемпиондардан «қайыршы» жасауға тырысады, мен үшін бұл – өте ұят жағдай» деп мәлімдеді.
Ал Шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов болса, бұл жазбаны Бибісараның өзі емес, анасы жазған болуы мүмкін дейді. Яғни ол Бибісараның анасы тарапынан қызғаныш болуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Сондай-ақ егер қаржы бөлінетін болса, ол министрлік және әкімдік арқылы шахмат секциялары мен үйірмелерін ашуға, спортшыларды қаржыландыруға жұмсалатынын жеткізді.
«Жанжал неден туды? «Қыздарды президентке ақша сұрау үшін апарған» деген мәлімдеме тарады. Бірақ біз сіздерге даму тұжырымдамасын көрсеттік, бұл – мемлекет басшысына ұсынған құжат. Онда ақша туралы ештеңе жоқ, ешқандай сома айтылмаған. Біз шахматты дамытудың тұжырымдамасы мен тәсілдері туралы ғана айттық. Бұл жазбаны Бибісараның өзі емес, анасы жазған болуы мүмкін. Бұл – біздің пікіріміз. Мүмкін олай емес шығар», – деді Дәрмен Сәдуақасов.