Жеті баланың анасы қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылмақ: «Имам мешітке қондырмай қойды»

Ая Өміртай

Көпбалалы ана әділдік іздеп, Тоқаевтан көмек сұрады

фото © Алиакпар Қадырбаев

Ақтолқын Әбдішова күйеуін тергеу изоляторынан босату үшін әділдік іздеп, Бас прокуратураға келген. Алты баласын ерткен ананың түнеп шығатын жері жоқ.

Halyq Uni тілшісі Ақтолқынмен жолығып, оның астанаға келуінің мәнісін сұрап білді. Ақтолқын оң жағалаудағы тәуліктік пәтерді 1-2 күнге жалға алған. Айтуынша, пәтер қожайыны өзі тұратын үйдің бір бөлмесін аз күн паналай тұруға қол ұшын берген.

Жұпыны, ескі бөлменінің есігін ашқанымыз сол, бізді жылаған баланың үні қарсы алды. Ақтолқын ыстығы көтеріліп, ауырып тұрған кіші баласын уата жүріп, бізге қаңтардан бері жалғасып келе жатқан қиындығы турасында әңгімелеп берді.

«Сонау Қызылордадан астанаға жүретін көлік болмаған соң, таксиге отырып Алматыға, одан астанаға келдік. 19 шілде күні келе салып, бірден Бас прокуратураға бардық. Іштегілер бізді қабылдап, бір-екі сағаттай тынығып алуымызға көмектесті. Сол күні осы қолымдағы бір жастан енді асқан қызым ыстығы көтеріліп ауырып, жедел-жәрдем шақырдық. Дәрі жазып бергенімен, оны қалтам көтермей тұр», – дейді Ақтолқын.

«ЖЕТІ БАЛАМЕН ЖАН БАҒУ ОҢАЙ ЕМЕС»

Балаларымен бірге Қызылордадан жолға шыққан Ақтолқын Алматы арқылы таксиге отырып, астанаға жеткенін айтады. Жазғы қарбаласта пойыз бен автобусқа билет табылмаған. Ал үш айлық жетінші баласын жол-жөнекей Алматыдағы көршісіне тастай тұруға тура келген.

Ал күйеуі Бекжанның қаңтар оқиғасына байланысты қару-жарақ ұрлауға қатысты 295-баптың 3-бөлігі 4-тармағымен қамауда отырғанына 6 ай болған. Санкциялық сот қамау мерзімін тағы 2 айға ұзартқан.

Жеті баланы жалғыз өзіне жеткізу қиынға соғып жатқанын айтқан Ақтолқын прокуратурадан жолдасы Бекжанды сотқа дейін үйқамаққа босатуды сұрап келген.

«Осы кезге дейін мемлекеттен көмек сұрап, есігін қаққан емеспін. Көп балалы отбасымыз ғой деп әлеуметтік жәрдемақыға жүгінген жоқпыз. Алты ай шыдап бақтым. Туыстарым, бауырларым қолдан келгенше көмектесті. Прокуратура жолдасымды сотқа дейін үйқамаққа шығарып берсе деймін. Өйткені мына балалармен ары қарай жалғыз өзім жүруім мүмкін емес. Қиын. Тамақ жетпейді, нан жетпейді, су жоқ. Үймінің газы мен жарығын қиып кеткен. Халықтың жинап берген мың теңге, 500 теңгесінің басын құрап осында әзер жеттік», – дейді Ақтолқын Әбдішова.

АЛТЫ БАЛАСЫН ЕРТКЕН АНАНЫ МЕШІТКЕ КІРГІЗБЕЙ ҚОЙҒАН

Ақтолқын Нұр-Сұлтан қаласында таныс-білісі болмағандықтан түнейтін жері жоқ екенін айтады. Ол Бас прокуратура ғимаратынан шыққан соң, балаларын ертіп Әзірет Сұлтан мешітіне көмек сұрай барған. Алайда мешіт қызметкері алты баласын ерткен анаға қайырылмаған.

«Қалада пәтер жалдау қымбат болған соң, далада қалдырмас деген оймен Әзірет Сұлтан мешітіне бардым. Тамаша, әдемі мешіт екен. Имамын шақырып едім, бір жастау жігіт шықты. Жағдайымды айтып, аз күн қона тұрайық деп едім, болмайтынын айтты. Құдайдың үйі болған соң жәрдем бере ме деп барған ойым ғой. Өйткені қалада еш туысым да, танысым да жоқ», – дейді ол.

Ақтолқынға тәуліктік пәтерді жалға алуға өзі сынды қаңтар оқиғасынан зардап шеккен Гүлнара есімді азамат көмектескен.

«Өзім сияқты әділдік сұрап астанаға келген Гүлнара ханым жұрттан көмек сұрап, қолыма 28 мың теңге берді. Сол ақшаға осы пәтерді жалдауыма көмектесті. Пәтердің қожайыны жеңілдікпен ұсынып, күніне 6 мың теңгеге жалдап отырмын. Жолдасым үйқамаққа шығарылса ғана қайтамыз. Оған дейін далада қалсақ та астанада жүреміз», – дейді Ақтолқын.

Қаңтар оқиғасына дейін Ақтолқын мен күйеуі Бекжан Алматының шетіндегі Көкөзек ауылында тұрған. Өзі дүкенде әкімші, ал күйеуі «Өжет» тұрғын-үй кешенінде қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген.

Ол 5 қаңтар күні қалаға жолдасымен тамақтануға шыққанын айтады. Көшеде у-шудың арасында таныстары жолдан тоқтатып, дүкеннен жүк тиеген.

«Жолда достары көлігімізді тоқтатып дүкеннен жүк тиеді. Өйткені қалада дүкендер қараусыз қалып, барлығы алып жатты. Жолдасым ешқандай қару ұрлаған жоқ. Бар болғаны қаруды ағасының үйіне апарып тығып қойғаны ғана. Мен өзім де көлікте болдым, тек оның қару екенін білмедім», – дейді ол.

18 ақпан күні түскі сағат 12 шамасында үйге арнайы жедел әрекет ету тобы келіп, оларды Әуезов ауданы полиция басқармасына жеткізген.

«СОБР (арнайы жедел әрекет ету тобы) қызметкерлері ештеңеге қаратпай, екеумізді балалармен алып кетті. Аяғым ауыр еді, пижамамен отырған жерімнен киінуге үлгертпеді. Полиция басқармасынан түнгі 12-де бірақ босатты. Адвокат та ұсынбады, бір жұтым су да бермеді. 2 балам ере келген еді, қарындары әбден ашып, оларды туыстарыма жалынып жүріп, зорға беріп жібердім», – деп еске алды ол.

ПЕРЗЕНТХАНАҒА КӨЛІКТІ ӨЗІ АЙДАП БАРЫП БОСАНҒАН

Ақтолқын мен Бекжанның жеті баласы бар. 18 ақпанда жолдасын қамауға әкеткенде кенже баласына жүкті болған. Түнделетіп толғағы қысқан кезде Ақтолқын Жұбанов көшесіндегі 3-перзентханаға көлікті өзі айдап барғанын айтады.

«Жолдасым қамауда болған кезде, түнгі сағат 2 жарымда толғағым қысты. 6 баламды үйге қамап кеттім. Перзентханаға көлікті өзім айдап барып, ешкімнің көмегінсіз босандым. Есімін жолдасым Тұмарым деп қойды», - деген Ақтолқын еріксіз көзіне жас алды.

Оның айтуынша, жас босанған ана үйде отырғандықтан балаларға тамақ тауып беру қиындаған. Баласына құрғақ сүтті OLX-тен іздеп, тегін беретіндерден алатын көрінеді.

«Осы жағдайлардан соң сүтім шықпай қалды. Смесь (қоспа) алу да оңай емес. Тегін берем дегендерді іздеп барып, тауып аламын. Қазір жеті баламен үйде отырмын. Алматыдағы үйде газ да, жарық та жоқ. Айына 70 мың теңге төлеп тұрамыз. Жетеуі жеті жақтан әкесін іздегенде жанымды қоярға жер таппаймын», – дейді ол.

Оның айтуынша, үлкен екі баласынан бөлек, Береке мен Бағым есімді егіз ұлдары күзде бірінші сыныпқа баруға тиіс, сондықтан мектепке дайындық үшн киім-кешек, қаржы керек. Ал оған қазіргі мүшкіл жағдайы мұрша берер емес.

ЖАЛҒАН КУӘЛІК БЕРУГЕ МӘЖБҮРЛЕП ОТЫР

Ақтолқынның айтуынша, қазір Желтоқсан көшесі 189 мекен-жайындағы Алматы қалалық прокуратурасы оның күйеуінің ісін Дикий Арманның әрекетімен байланыстырмақ. Соңғы үш айдан бері өздері танымайтын бейтаныс кісіге сырттай куәлік беруге мәжбүрлеп келеді.

«Жолдасымның айтуынша, тергеушілер оны «Дикий Арманның» ісімен қатыстырып отыр. Бірақ жолдасым ондай адамдарды танымайды. Тергеушілер Талғат Махатов деген кісіге қарсы куәлік берсең, бір-ақ сағатта шығарамыз деп отыр. Сондықтан тергеу әділ жүріп жатыр деп ойламаймын. Қаруды біреуге алу, беру ойы болған жоқ. Жолдасымның «Қазақстан» қонақ үйіндегі оқиғаға қатыспаған. Тергеушілер нақақтан «Терроризм» бабы бойынша айып іліп жібере ме деп күдіктенеміз», – дейді ол.

АҚТОЛҚЫННЫҢ ӨЗІН КҮДІКТІ ДЕП ТАНЫМАҚ

Мамандандырылған прокуратура жолдасы Бекжанның тергеуін екі айға ұзарту туралы қаулыда «Ақтолқын Әбдішованы күдікті ретінде тану» туралы көрсеткен.

Ақтолқынның ендігі үміті Ақордада. Президент Тоқаевтың өзі араша бола ма деп үміттенеді.

«Кесірім тиіп кете ме де осы уақытқа дейін үндемей келдім. Үндемейін десем үсті-үстіне былыққа кіргізіп жатыр. Мені күдікті деп таныса балаларымның өмірі қалай болады деп уайымдаймын. Қазір ақ-қарасын айырмай қамап жатыр. Мына балалар болмаса мені де баяғыда қамап тастар ма еді. Президент Тоқаев мырзадан сұрарым, осы үндеуімді көрген болсаңыз, жолдасым ортамызға оралса деймін. Қатты қиналып кеттік, басқа сұрарым жоқ. Жолдасыма шартты жаза берілсе екен», – дейді Ақтолқын Әбдішова.