Қызылорда облысында маман тапшылығынан 113 нәресте шетінеген
Алты-ақ акушер-гинеколог кең көлемді оталар жасай алады
Қазір Қызылорда облысында ана мен бала өлімі жиілеп кеткен. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтыр дәл осы кезеңде 94, ал биыл 113 нәресте шетінеген.
Сондай-ай жыл басынан бері Арал, Қазалы аудандары мен Байқоңыр қалаларында ана өлімі тіркелген. Мамандар жүкті әйелдердің басым бөлігі қауіп-қатер жағдайында босанатынын айтады. Олардың денсаулығына экологиялық фактілердің тікелей әсері бар көрінеді. Сондай-ақ өлім-жітімнің артуы кадр тапшылығымен де байланыстырылып отыр.
«Босандыру ұйымдарының барлығында 106 акушер-гинеколог жұмыс істесе, оның 71 пайызы оперативті техниканы меңгерген. Оның ішінде алтауы ғана кең көлемді оталар жасай алады. Бұл мәселе акушерлік шұғыл жағдайларда өте маңызды. Соның салдарынан шалғай ауылдардағы жүкті әйелдер мен нәрестелерді медициналық қызметпен толық қамтамасыз етуде осындай мәселелер туындап жатыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов «Астана» телеарнасына берген жауабында.