×

Олимпиада-2022. Қазақстан командасы Қытайға арнайы рейспен ұшып кетті

Ел делегациясы Нұр-Сұлтан-Алматы-Бейжің бағыты бойынша Олимпиада ойындарына аттанды

 Халық үні 28.01.2022 | 09:14
фото: olympic.kz

Барлық спортшы мен бапкерлер ұшар алдындағы соңғы аптаны карантинде өткізді. Нақтыласақ, олар үшінші тараппен байланыспай, көпшіліктен бөлек тұрып, бөлек жаттығу жасады. 

Қытайға делегацияны Air Astana арнайы әуе рейсі барлық қауіпсіздік талабын сақтай отырып жеткізеді. Бұл рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысынан ұлттық құрамалар ұшып кетті. 

Ал қорытынды жиынды шетелде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасынан ұлттық құрамалар Қытайға өз бағыты бойынша келеді.

Біз Олимпиада ойындарына ұшып барамыз. Бұл бәріміз үшін толқитын сәт. Біз жақсылықтан үміттіміз және мұндай жауапты жарыста бар күшімізді саламыз. Осындай қиын кезеңде барлық жағдайды жасап, қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен үкіметке, Ұлттық Олимпиада комитетіне алғыс айтамын. Біз қандай кезең болса да, жаттығуды үзген емеспіз, - дейді Қазақстан командасының ту ұстаушысы, шорт-тректен құрама көшбасшысы Абзал Әжіғалиев. 

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 ақпан күні Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтеді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама