Олар өздеріне тиесілі жерді 10 жылдан бері ала алмай жүргенін айтты
Ақмола облысының амалы таусылған шаруалары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрау үшін Нұр-Сұлтанға келді, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Облыс тұрғындары Сандықтау ауданындағы өздеріне тиесілі жерді 10 жылдан бері ала алмай жүр. Жерді «ПКФ Новоникольское» ЖШС басқарады. Онда бидай мен арпа өсіріледі.
«Компания бізге ескертпей, жерімізді банкке кепілдікке қойған. Көптеген уәде берілді. Әлеуметтік жағдай жақсарады деді. Бірақ нәтиже жоқ. Бармаған жеріміз қалмады. Сондықтан бүгін Жоғарғы соттың алдына келдік», - деді ақмолалық шаруа Гүлжан Данышева.
Шаруалар аталған компания банктен 1-2 млрд теңге көлемінде көлемінде ақша алғанын айтады. Бірақ қаражаттық қайда кеткені белгісіз. Гүлжан Данышева шыдамы таусылып, Нұр-Сұлтанға келгенін ашына айтты.
Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Біз көмек сұраймыз. Әділеттілік орнайды деген үміттеміз. Бұл жерлерді адамдарға беріңіздерші. Шаруашылықты жүргізе алмасаңыздар, халықтың әлеуметтік жағдайын көтере алмасаңыздар, шаруа қожалығынан шығуға мүмкіндік беріңіздер, - деді ақмолалық шаруа.
Оның пікірінше, билік мәселе ушықпай тұрғанда оны шешіп үлгеруі керек.
Қорқынышты жағдай болуы керек пе? Ауданда біреуді бауыздап өлтіріп, қоқысқа тастап кеткен жағдай да болған. Бәріміз оны білеміз. Бұл күрмеуі шешілмеген әлеуметтік мәселе болып тұр. Сондықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймын. Ол Қазақстанның жаңа, әділетті болғанын айтты. Сондықтан бұл мәселені көтеріп, өз құқығымыз үшін күресуіміз керек. Бізді тыңдайтын біреу бар шығар, - деді Гүлжан Данышева.
Сондай-ақ ақмолалық шаруа Виктор Лапшин қазіргі компания басшылығына сенбейтінін, мәселе әбден ушыққанын жеткізді.
«Біз бұл ЖШС-ға, ондағы құрылтайшыға сенбейміз. Олар – жемқорлар, алаяқтар. Біз оларға неге сенуіміз керек? Мен аталған серіктестіктен 10 жыл шыға алмай жүрмін. Амалым таусылды. Бұл жалған ақпарат емес. Мұны президент, министр естуі керек. Мұнда коррупция, алаяқтық деректері бар. Неге бізді ешкім түсінгісі келмейді?», - деді шаруа ағынан жарылып.
Зеренді ауданы Айдабол ауылынан келген шаруа Серік Баялин компания шаруаларға неге жерді бергісі келмейтінін түсінбейді.
«ПКФ Новоникольское» компаниясында 22 мың гектер жер бар. Онда барлығы 350 шаруа тіркелген. Оның 50-і қожалықтан өз үлесін алып шыққысы келеді. Біздің үлесіміз – 500 гектар жер, яғни әр шаруаға 10-11 гектар жерден тиеді. Біз олардан 5 мың гектар жерді сұрап тұрған жоқпыз ғой. Біз тек өзімізге тиесілі жерді сұрап тұрмыз», - деді ақмолалық тұрғын.
Шаруа Гүлжан Данышева жер қайтарылмаса, өңірдегі 16 ауыл тұрғындары митингке шығатынын атап өтті.
Біз мерзімінен бұрын жиналыстың өтуін, «ПКФ Новоникольское» ЖШС жерімізді қайтаруын талап етеміз. Егер біздің талабымыз орындалмаса, шамамен 16 ауыл Көкшетау қаласында митингке шығады. Біз митингке шығу туралы өтінішті Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаевқа жібереміз, - деп сөзін түйіндеді Ақмола облысының тұрғыны.