«14 дөңгелек, 6 жұп аяқ-киім ауыстырдым». Қазақстанды жаяу шарлаған қария мәселе көтерді

Самат Жақып

Сәрсенбай Қотырашов Петропавл қаласына жетті

Сәрсенбай Қотырашов, марафоншы

Саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов жаяу жүріп Петропавлға жетті. 72 жастағы қария 31 наурыз күні Ұлытаудан сапарға шыққан еді. Осы аралықта ол Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Қонаев, Талдықорған, Аягөз, Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау қалаларын басып өтіп, Солтүстік Қазақстанға табан тіреді. Зейнеткерді солтүстіктегілер жылы қарсы алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

72 жастағы қария өзін тың сезінеді. Ақсақал бұл сапарға ұзақ уақыт дайындалған. 8 мың шақырымға жуық жолдың жартысынан астамын жүріп өтті. Екі дөңгелекті арба – қарияның жалғыз серігі. Оны да өзі жасап алған. Айтуынша арбаның салмағы 60 келі тартады. Шағын ғана қораптың ішінде ең қажетті заттары бар. Ол күніне орта есеппен 40 шақырым жол жүреді. Ақсақалды жолда тоқтатып, жөн сұрасып, суретке түсетіндер өте көп.

«Жанымнан өтіп бара жатқан көліктердің бәрі сигнал береді. Осылай қошеметке бөлегені болар. Елордаға дейін жалғыз келдім. Астанадан өтіп бара жатқанымда полиция қызметкерлері тоқтатып, трассада жаяу жүруге болмайтынын айтты. Бәлкім өз заңдары бар шығар. Бағынуға міндеттіміз. Содан Шортандыға дейін даламен жүріп өттім. Сол сәттен бастап полиция қызметкерлері көлікпен жанымда жүретін болды. Осылайша трассамен қозғалатын болдық», -  дейді ақсақал.

Зейнеткер өзін өміріндегі ең ұзақ сапарға бірнеше мақсат жетелеп шығарғанын айтады. Өзінің туған жері Ұлытауды көпшілікке танытып, насихаттағысы келеді. Сапарын барынша пайдалы ету үші үшін әр өңірдің қолөнер шеберлерімен тілдесіп, ерекше технологиялармен танысып, тізімін жасап жүр.

«Солтүстікте он саусағынан өнер тамған шеберлер баршылық. Маған былғары жасау әдісі ұнады. Жалпы Қызылжар өңірінің табиғаты да ерекше. Адамдары қонақжай, кеңпейіл. Жағалай жасыл орман көмкерген. Бір байқағаным, ауылдар арасы алшақ. Халқының оңтүстіктегідей тығыз орналаспағанын аңғаруға болады. Қазақстанның әр жері өзінше әдемі. Тек даламыз қоқысқа толып кеткен. Кетіп бара жатқандар көліктің терезен ашып, лақтыра салады. Дәретхана жоқ. Қоқыс жәшіктері де орнатылмаған. Жолдың жағдайы тіпті нашар. Осының бәрін жөндемей, туризм де дамымайды», - дейді қария.

Марафоншы зейнеткер 15 қаланы артқа тастады. 112 күн жолда болды. Бағытын сызып алған. Ол осы сапарының арқасында көпке танымал болғанын айтады.

«Жолда 14 дөңгелек жарылып, 6 жұп аяқ киім жыртылды. Бастапқыда сапарға шыққанда зейетақым жетпейді-ау деп алаңдағаным рас. Қазір керісінше, ақшам артылып жатыр. Өйткені қазағымның даласы қандай кең болса, пейілі де сондай дархан екен. Шешен, ингуш, кәріс ақсақалдарының айтқанын естіп жүретін едім. Әлемде қазақтан асқан пейілі кең халық жоқ екеніне көзім жетті. Аялдаған жерімде ешкімге тамақ пен төсекке ақы төлеп жақтаным жоқ. Керісінше бәрі қарсы алып, шамасы жеткенше көмектесіп жатыр. Банк шотына аз-маз ақша салып қоятындар да бар. Негізі асым – ұлттық тағам. Ет, бауырсақ, құрт пен қымыз. Ол маған ерекше күш-қуат береді. Қазіргі күннің ыстығы маған кедергі емес. Соған шыңдалған адаммын. Жолда қиыншылықтар да кездесті. Арба талай сынды. Ескі жолдарда көп бейнет көрдім. Болашақта бәрі түзеледі деген үміттемін», - дейді Сәрсенбай ата.

Зейнеткер әлеуметтік желіде белсенді. Instagram желісінде 20 мыңнан астам оқырманы бар. Қария сапарының ең қызық сәттерімен бөлісіп отырады. Марафоншы зейнеткер енді Петропавлдан Қостанай қаласына жол тартты. Соңғы аялдама – Ақтау қаласы. Сапары аяқталған соң Тоқаевтың қабылдауында болғысы келеді.