Тағы ақбөкеннің 54 дана мүйізі табылды
Қызылорда облысында 17 киікті атқан адам ұсталды.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі мамандандырылған мекемесінің» мамандары «Охотзоопром ӨБ» РМКҚ қызметкерлерімен бірігіп жүргізген рейд кезінде Жалағаш ауданындағы Қызылшын деген жерде 17 бас ақбөкеннің өлі денесі мен 54 дана мүйізі тапты.
Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне қарағанда, кезекті рейд кезінде Жалағаш ауданына қарасты Жырық атты скважина маңында «Тойота ланд крузер-100» автокөлігі күдік тудырған.
Көліктің жүргізушісі оқиға орнынан ізін суытуға тырысқан еді. Алайда, Жалағаш ауданына қарасты Қызылшын деп аталатын жерде оның көлігі өртеніп, сол жерден барлығы 17 бас ақбөкеннің өлі денесі және 54 дана мүйізі табылды. Ол айғақ зат ретінде алынды.
Жалағаш аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, сол маңды қарау барысында Шақшақ деп аталатын мал ауылынан күдік келтірілген Қызылорда қаласының тұрғыны анықталды, - деп хабарлады ведомство.
Биыл Қызылордада мал ұрлау дерегімен 30 қылмыстық іс сотқа жолданған.