Жағдайы орташа ауыр: Теңіз кенішінде уланған 11 жұмысшы ауруханада жатыр

Айнұр Асылбекқызы

Теңіз кенішінде 33 жұмысшы тамақтан уланып қалды

көрнекі фото: ашық дереккөзден

20 шілдеде Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 33 адамның түскі ас кезінде тамақтан уланғаны белгілі болды. Олардың бәрі «КазПромСтрой Инжиниринг» ЖШС-ға тиесілі асханада ас ішкен. Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жұмысшылар жаппай тамақтан уланған асханаға жоспардан тыс тексеріс жүргізбек.

Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарланғандай, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жұмысшылардың көпшілігі амбулаториялық емделуге жіберілген. 11 адам Құлсары қаласындағы (Жылыой ауданының орталығы) орталық ауруханаға жіберілген. Науқастарда құсу, диарея, безгек, бас ауруы, жалпы әлсіздік байқалған. Алдын ала диагноз – тағамдық токсикоинфекциясы.

Департамент өкілдері тамақтан уланып, ауруханаға түскен науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағалап отыр.

Жұмысшылар тамақтанған асханадан сынама алынып, Ұлттық сараптама орталығына жіберілген. Енді оның нәтижесі үш күн ішінде алынады.

«Іскер» техникалық қауіпсіздік бөлімінің басшысы, супервайзер Ғалымжан Жөкебаев кеше 11 адам, бүгін 21 адам Құлсары ауруханасына жатқызылғанын мәлімдеді.

«Қазір 4 адам денсаулығы қалыпты, олар Теңіз қалашығындағы жатақханасында жатыр. Олар компанияның медқызметкерлерінің бақылауында. Олар жұмысқа үш күннен соң шығу керек. Ауруханамен үнемі байланыстамыз. Ауруханадағылар жағдайы жақсарып келе жатқанын айтады. СЭС тексеріп жатыр. Асханадан кеше талдау сынамасын алып, бүгін науқастардан алды. Асхана қазір жабық тұр. Біз уақытша келісімшартпен басқа «Береке» асханасында тамақтанып жүрміз», - деді ол.