Тоқаев Орталық Азияға ортақ ақпараттық технологиялар мектебін ашуды ұсынды
Президент үндістандық серіктестерді Қазақстан нарығына шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшыларының «Орталық Азия – Үндістан» саммитіне қатысты. Президент жиында экономиканы цифрландыру мәселесіне тоқталды.
Мемлекет басшысы еліміздің осы саладағы әлеуеті туралы айта келе, жасанды интеллектіні енгізу, Big Data, интернет заттар, онлайн-коммерция және кибер қауіпсіздік, сондай-ақ елімізде телекоммуникациялар және электронды өнеркәсіп, электронды техникалардың жиынтық бөлшектерін шығару саласындағы зертханалар ашу сияқты бірқатар маңызды бағытты атап өтті.
Тоқаев аталған бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға әзір екенін растап, үндістандық серіктестерді Қазақстан нарығына шақырды.
Қазақстан халқына жолдауымда 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маманын даярлау міндетін жүктедім. Осыған байланысты, Үндістанның IT және инженерлік кадрларды даярлаудағы тәжірибесі қызығушылық тудырады. Сөзден іске көшу мақсатымен Халықаралық Astana Hub IТ-стартаптар технопаркі базасында Bagmane технологиялық паркімен және Үндістанның басқа да IT саласындағы алпауыттарымен бірлесіп, Орталық Азияға арналған инженерлік кеңсе мен ақпараттық технологиялар мектебін ашуды ұсынамыз, – деді Президент.