Елімізде миллиондаған гектар жер заңсыз берілген

Дастан Жұмабекұлы

Заңды белден басқандар жауапқа тартылды

фото: almaty-akshamy.kz

Елімізде соңғы үш жылда миллиондаған гектар жайылымдық жер заңсыз берілген. 

Бас прокуратура осындай заңбұзушылықтарды анықтаған. Заңды белден басқандар жауапқа тартылған.

Ведомствоның хабарлауынша, бүгінде елімізде шамамен 15 млн га жайылымдар жетіспей жатыр. Соның кесірінен жеке қосалқы шаруашылықтар мал жаюдан қиналып, шаруалар тоз-тозы шыққан жерлерде еңбек етуге мәжбүр. Мәселен, ақтөбелік фермерлер жерден тарықса, Түркістан облысында ауыл тұрғындары ірі шаруа қожалықтарымен мал жаюда жаға жыртысып жүр.

Соңғы үш жылда прокурорлар 18 млн гектар бос жатқан және 3 млн гектар заңсыз берілген жайылымдарды анықтаған. Ең сорақысы, тағы үш миллион гектарды лауазымды иелері заңсыз тамыр-таныстарына үлестірген. Сол әрекеттері үшін Бас прокуратура 520 адамды тәртіптік жазаға тартты.

Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жоспарларын бекітті. Бұл ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерді жеке адамдарға беруге жол бермеуге мүмкіндік береді. Жайылымдарды беру кезіндегі заңбұзушылықтар және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін прокуратура органдарының қадағалау актілері бойынша 520 лауазымды иесі, оның ішінде 42 адам мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттері үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылды, – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ведомствоның мәліметіне қарағанда, енді жайылымдық жерлерді тиімді игеру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекетке қосымша бес миллион гектарды қайтарып беруді жоспарлап отыр. Тағы төрт миллион гектар жер пайдаға жараған.