11 шілде күні аға сержанттан таяқ жеген сарбаздың денсаулығы күрт нашарлаған
20 шілдеде Атырауда ҰҚК Шекара қызметінің №2016 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген Медет Амангелді әуе көлігімен Шымкент қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпиталіне трансфермен жөнелтілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Azh.kz басылымының жазуынша, бұл туралы әкесі Октябрь Төлемісов хабарлаған. Оның айтуынша, әкесі мен ұлы және іссапардағы сержант Алматыға түнде жетеді.
19 шілдеде Медеттің басын компьютерлік томографияға түсіргенде басына зақым келмегенін, гайморит бар деген диагноз қойылған. Алайда осыдан кейін әскерилер Медетті облыстық психоневрологиялық диспансердегі дәрігерлерге көрсеткен.
Психдиспансерде ұлыма 5-6 дәрігер сұрақ қойды. Ұлым адекватты жауап берді. Дәрігерлер оған бәрі жақсы екенін, тек физикалық денсаулығын сәл де болса жақсарту керектігін айтты. Кеше, 19 шілдеде, Алматыға ұшамыз деп едік, бірақ билет жоқ, тек бүгін ғана бәрі шешілді. Тек маған ұлыммен бірге баруға рұқсат берілді, - дейді Төлемісов.
Ал Батыс өңірлік әскери прокуратурасы аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
«Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы 18 шілдеде М.Амангелдінің анасы Д.Төлемісованың шекара қызметі бөлімінің қызметкерінің ұлын ұрып-соғу фактісі бойынша берген арызы негізінде ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлігімен («Билік немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама, куәгерлерден жауап алу және басқа да тергеу әрекеттерін қамтитын тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жауынгердің ата-анасының өтініші бойынша компьютерлік томография жасалды. Дәрігерлердің алдын ала қорытындысы бойынша, М.Амангелдінің басы зақымданбаған, денесінен ешқандай жарақат табылмаған. Қазір әскерге шақырылған сарбаздың уәжі толығымен тексеріліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтерді ұсынуға болмайды».
Айта кетелік, 11 шілде күні аға сержанттан қатты таяқ жегеннен кейін 19 жастағы сарбаздың денсаулығы күрт нашарлаған.
Медет Амангелдінің туыстары бұл туралы 15 шілдеде білген. Олардың айтуынша, әскери бөлім «Медет ақыл-есінен айырылды» деп хабарланған. Осы жағдайға байланысты сарбаздың туыстары келіп, әскери бөлімнің алдына жиналған.
Олар әскерилер дәрігерлермен келісіп, шынайы диагнозды жасырмақ деген пікірде.
Медет Амангелдінің айтуынша, 10 шілде күні ол басқа сарбаздармен бірге өзінің туған күнін атап өткен. Ал келесі күні түскі үзіліс кезінде аға сержант-старшина кабинетіне шақырып, сарбазды ұрып-соққан. Бірақ Медет өзінің туған күнін тойлауға алдын-ала рұқсат алғанын айтады.