Halyq Uni логотип
×

Ақмола обысында елорда тұрғыны танысын атып өлтірді

36 жастағы ер адам алған жарақатынан ауруханада көз жұмды

 Динара Амантай 20.07.2022 | 17:44
Ақмола обысында елорда тұрғыны танысын атып өлтірді
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысы Қаратомар ауылында ер адам танысын атып өлтірді. Бұл туралы ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.

Қанды қылмыс 18 шілдеге қараған түні Целиноград ауданы Қаратомар ауылында болды. Таңғы сағат 08.40 шамасында жергілікті полиция бөліміне елордадағы қалалық ауруханалардың бірінде 36 жастағы ер адам оқ жарақатынан көз жұмғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кезекші тәулікте жедел уәкілдер зардап шегушіге оның танысы – Нұр-Сұлтан қаласының 51 жастағы тұрғыны өлім жарақатын келтіргенін анықтады, делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлерінің тергеу барысындағы ақпараты бойынша, 18 шілдеде ер адамдар іс-шаралардың бірінде кездескен. Бас қосу Қаратомар ауылында жалғасқан. Түнге дейін созылған жиын жанжалмен аяқталған, оның барысында күдікті осы елді мекенде жалға алынған үйде сақталған мылтықты алып, досына оқ жаудырған.

Өкінішке орай, дәрігерлер ер адамның өмірін арашалап қала алмады, ол алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Қазір аталған факті бойынша қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері қылмыс құралын – МР-153 маркалы мылтықты тәркіледі, айыпталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама