Елордада полицейлер мен кітапханашылардың жалақысы өсті
Қала әкімі жалақысы төмен қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті
Нұр-Сұлтанда полицейлер мен кітапханашылардың, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өсті. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында жазды.
Биыл 1 маусымнан бастап әлеуметтік, мәдениет (кітапханалар, мұражайлар), спорт, жергілікті полиция қызметі және тағы басқа мамандардың жалақысы көтерілді. Осылайша елорда мекемелерінде жұмыс істейтін 4 мыңға жуық маман қамтылды, - деп жазды Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, әлеуметтік мекемелер, медициналық-оңалту орталықтары, кітапхана және тағы басқа орындарда жұмыс істейтін, жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы 30%-дан 50%-ға дейін көбейді.
Осыған байланысты қала әкімі сөзіне мысал келтірді:
- «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы және «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 1,5 есе өсті;
- Кітапханашылардың жалақысы 30%-дан аса («Орталық кітапхана жүйесі» мекемесі), суретшілердің жалақысы 50%-ға өсті;
- Жергілікті полиция қызметінің жалақысы 30%-ға дейін көтерілді, азаматтық қызметкерлер (С, D санаттары және разрядтаушылар) 1,8 есе өсті.
Айта кетейік, осыған дейін президенттің тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерінің, педагогтардың, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы көтерілген еді.