×

Жидек теруге шыққан әйелдің өлімі: күдікке ілінген полицей қызметінен босатылды

Марқұмның туыстары тергеуді Нұр-Сұлтан қаласының мамандары жүргізуін талап етіп отыр

 Самат Жақып 20.07.2022 | 15:01
коллаж: Halyq Uni

11 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысында жидек теруге шыққан 51 жастағы әйелге оқ тиіп, қаза тапты. Марқұм Алтынай Мұздақбаева Жамбыл ауданына қарасты Бауман станциясында тұрған. Сол оқиғадан кейін әйелді аңшы атты деген болжам жасалды. Алайда марқұмның туған-туысы мен жерлестері бұған сенбей отыр. Тұрғындар әйелдің өліміне учаскелік полиция инспекторының да қатысы бар деп санайды. Сондықтан тергеуді Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы мамандар келіп жүргізсін деген талап қойып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Айта кетейік, оқиға кешкі сағат жеті шамасында болған. Орманға жидек теруге барған әйелдің иығына оқ тиген. Артынша күдікті ретінде 65 жастағы ер адам ұсталды. Алайда марқұмның туыстары қылмысқа қатысы бар адамның бостандықта жүргенін айтады. Ал марқұмның баласы Алтынбек Сайлауов анасының өліміне аңшы кінәлі дегенге сенбей отыр. 

«Күдікті анамды атып, қашып кеткен. Оқиға орнына бардым. Ол адамды көрмей қалатындай жер емес. Оқ тиген анам шошып, орнынан тұрған кезде пысықайлар ізін суытқан. Егер сол кезде бірден медициналық көмек көрсетілсе, шешем тірі қалар ма еді деп ойлаймын», - дейді Алтынбек Сайлауов.

Жергілікті тұрғын Әсет Байжиеновтың айтуынша, марқұм Алтынай Мұздақбаева қансырап жатқан кезде жанында учаскелік полицей болған.

«Алқаптың арғы жағында ақ түсті көлікті байқап қалдым. Оның тізгінінде Сергей Лосеня отырды. Ал учаскелік полиция қызметкері Алтынай Мұздақбаеваның жанында тұрды. Марқұм алған жарақатына байланысты қатты шошып қалған екен. Иығын ұстап отырды. Полицей оны көтеруге көмек көрсетуімді сұрады. Әйелдің бет-аузы қан болған соң өзім де шошып кеттім», - дейді Бауман станциясының тұрғыны.

Жергілікті тұрғындар әйел жарақат алған кезде учаскелік полицей мен оның зейнеткер Сергей Лосеня не себепті бірден жедел жәрдем шақырмағанын түсіндей отыр. Ал тұрғындар сол күні екеуінің ішімдік ішкенін байқаған.

«Учаскелік полиция инспекторы Қабай Әлтеев әкеме келіп айғай-шу шығармаңдар деп айтты. Қалай шу шығармайсың? Адам жарақат алды. Сол кезде бірден медицина қызметкерлеріне хабар беріп, өздері алғашқы көмек көрсетуі керек еді ғой. Олар қаруды, барлық дәлелді жасырып, содан кейін ғана оқиға орнына айналып келген», - дейді марқұмның ұлы Алтынбек Сайлауов.

«ЗЕЙНЕТКЕР АДАМ АТТЫ ДЕГЕНГЕ СЕНБЕЙМІЗ»

Алтынай Мұздақбаеваға алғашқы медициналық көмекті жергілікті фельдшер көрсеткен. Алайда көп қан жоғалтқан әйел аудандық ауруханаға барар жолда қайтыс болды.

Ал қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған Сергей Лосеня бастапқыда әйелге оқ атпағанын айтты. Ол тек екінші күні қылмысын мойындаған. Ал Лосенямен бірге тұрған Ольга Федорченконың сөзінше, ер адам бірнеше жылдан бері аңға шықпаған. Себебі зейнеткердің көру қабілеті нашарлаған, тіпті 7 жылдан бері өз бетінше жаза алмайды.

Іс ашық тергелмей жатыр. Полиция бәріне көз жұмып отыр. Зейнеткердің не себепті қылмысты мойнына алғаны да түсініксіз, - дейді Ольга Федорченко.

Ауыл азаматтарының айтуынша, қылмысты зейнеткердің мойнына мәжбүрлеп артып жіберген.  

«Сергей Николаевичті осында алып келгенде оның әбден қорқып қалғанын аңғардық. Тіпті ұрып-соқты деген күдігіміз бар. Бұл қылмысты мәжбүрлеп мойнына артып тастаған сияқты. Полиция қызметкерлері әріптесінің әрекетін зейнеткерге жауып отыр», - дейді Бауман станциянсының тұрғыны Сергей Проценко. 

«ЕЛОРДАДАН ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАР КЕЛУІН ТАЛАП ЕТЕМІЗ»

Мамандар қазірге дейін қылмыс қаруын таба алмады. Тергеу барысында күдікті оны ауыл шетіндегі көлге лақтырып жібергенін айтқан. Алайда қару ол жерден де табылмады. Марқұмның күйеуі бас прокуратура өкілдерінен көмек сұрап отыр.

«Біз істің әділ тергелгенін қалаймыз. Әйелімді Лосеня өлтірген жоқ. Оған учаскелік полиция қызметкері оқ атты. Астанадан арнайы мамандар келіп тергесін. Себебі Жамбыл ауданы полициясынан көмек жоқ. Бір аптадан астам уақыт өтті, нәтиже жоқ. Күдікті деп қамауға алынған Сергей Лосеняға бар қылмысты іле салды. Егер учаскелік инспектордың бұл іске қатысы бар екені анықталса, полиция басшылары да жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан тергеушілер  ақиқатты жасырып отыр», - дейді марқұмның күйеуі Ғалымжан Мұздақбаев. 

Айта кетейік, аталған дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Кісі өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жалғасып жатыр.

Сондай-ақ істі СҚО полиция департаменті басшылығы бақылауға алды. Облыстық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы учаскелік полиция инспекторына қатысты қызметтік тергеу жүргізді. Нәтижесінде Жамбыл ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы 2022 жылдың 19 шілдесінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан босатылды. Ал Жамбыл ауданының прокуроры Талғат Төлегенов барлық дәлел, куәгерлердің айғақтары міндетті түрде тексерілетінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама