Ұлытау облысында бюджет қаражаты әлеуметтік маңызы бар нысандарға бөлінетін болды

Динара Амантай

Өңір шығындары 35 млрд 467,9 млн теңге болады деп жоспарланып отыр

Фото: Halyq Uni

Ұлытау облысы бюджетінің бекітілуіне орай өңірде маңызды нысандар салына бастайды. Бұл туралы аталған облыстың әкімі Берік Әбдіғалиұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты.

Әкімнің мәліметінше, арнайы жұмыс тобы құрылып, Қарағанды мен Ұлытау облыстарының әкімдігі бюджетті бөлу бағытында бір айға жуық жұмыс атқарды. Әрбір сала мен мекеме бойынша Қарағанды облысы деңгейінде қабылданған бюджетті тиісті көлемде Ұлытау облысына бөлу ескерілді. Өңірде құрылысы аяқталмаған және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандардың бар екені анықталды.

Сонымен бірге ол «Қазақмыс» коропорациясының 9 мекемесі Жезқазған қаласына келіп тіркелгенін атап өтті. Осы орайда олар өздерімен бірге қаражатын да өңірге бағыттайды. Сондықтан бұл қаражат Ұлытау облысындағы өзекті мәселелерге бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Өңір басшысы Жезқазғанда және Сәтбаевта басқа да балабақшалардың құрылысы жүргізілетінін айтты.

Ұлытау ауданында соғылған үйлерді мұқтаж отбасыларға беру, сатып алу туралы мәселе 2020 жылы тоқтап қалған. Тиісті қаражат бөліп, өңірдегі проблемаларды шешіп жатырмыз. Сонымен қатар, Сәтбаев қаласындағы 320 орынға арналған балабақшаның құрылысын аяқтауға тиісті сомада қаражат керек. Бұл тұрғыда иісті қаражат бөлінеді. Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының да жұмысы тоқтап қалған. Мердігермен соттасып, қайтадан есеп беруді талап етіп отыр. Осыған сметалық құжаттарын дайындаймыз, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Бұған қоса облыс басшысы денсаулық сақтау нысандарындағы жөндеу жұмыстарын тоқтатпау керек екенін атап өтті.

«Қазір денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Арнайы онкология диспансерін бөлек құру туралы шешім қабылдадық. Бұрын көпсалалы ауруханада бір бөлімі ретінде жоспарда болған еді. Оны бөлек мекеме етіп ашып, қажет қондырғылармен қамтамасыз етуді қарастырдық. Сондықтан толыққанды онкология диспансері ашылады», - деді облыс әкімі.

Еске сала кетсек, Ұлытау облыстық мәслихатының V сессиясы өтіп, онда облыстың 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті қабылданды. Жобада көрсетілгендей, облыстық бюджеттің кірістері 2022 жылы – небәрі 35 млрд 467,8 млн теңге болмақ. Оның ішінде төл салықтық түсімдері – 19 млрд 881,2 млн теңгені, салықтық емес түсімдері – 1 млрд 773,5 млн теңгені құрамақ. Бұған қоса, 13 млрд 813 млн теңге трансферт алады.

Сонымен бірге Ұлытау облысының шығындары – 35 млрд 467,9 млн теңге болады деп жоспарланған.