×

«18 басқарма басшысының басым бөлігі – өңір тумалары»: Ұлытау облысында білікті маман тапшы

Өңірде шешімін таппаған мәселе көп

 Дәурен Ерболат 20.07.2022 | 14:24
Фото: gov.kz

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы білікті мамандарды өңірге келіп, жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Алдымен аймақ басшысы кадр проблемасын қалай шешіп жатқанына тоқталды.

Бізде мамандар тапшы. Облыста 18 басқарманы құрдық. Олардың басым бөлігі – Ұлытау өңірінің тумалары. Басшыларды тағайындап, кейін байқасам, олар Ұлытауда туып, еңбек етіп келген азаматтар екен. Бұл 18 басқарманың оншақты басшысына қатысты. Бәрі де білікті мамандар, - деді Берік Әбдіғалиұлы онлайн өткен брифингте.

Сондай-ақ ол білікті мамандарды өзге облыстардан да шақырып жатқанын атап өтті.

«Жаңа облыстың құрылысына атсалысайық деген азаматтар да келіп жатыр. Өйткені жаңа көзқарас, жанашырлық керек. Ұлытау ауданынан бір, Қаражалдан бір, Жаңаарқа ауданынан бір әкімнің орынбасары, бір мәслихат хатшысы келді. Сәтпаевтан да азаматтарды шақырдық. Осы аптада байқаулар жарияланады. E-kyzmet жүйесін енді іске қостық», - деді облыс әкімі.

Оған қоса жоғары білімі мен еңбек өтілі бар кез келген қазақстандық Ұлытау облысында басшылыс қызметте жұмыс істей алатынын жеткізді.

Өңірдегі және басқа облыстағы мамандарды бос жұмыс орындар байқауына қатысуға шақырамын. Бізге білікті мамандар керек. Шешімін таппаған мәселе көп, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Айта кетейік, осыған дейін Ұлытау ауданының әкімі өңірде трайбализмнің әлі де барын мойындаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама