«Жалақым тек бір айға жетеді»: Жамбыл облысы әкімі қанша айлық алатынын айтты
Өңір басшысы отбасында алты бала тәрбиелеп отырғанын айтты
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов 2 миллион теңге жалақы алады. Бұл туралы өңір басшысы жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Әкімнің айтуынша, жалақысы бір айға ғана жетеді.
«Үкіметте әкімдерге берілетін жалақының белгіленген мөлшері бар. Содан соң әр әкімнің мемлекеттік қызметте жүрген тәжірибесі де есептеледі. Ең ұзақ еңбек өтілі 20 жылды құрайды. Менің еңбек өтілім – 26 жыл. 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жүрмін. Үкіметтің қаулысына сәйкес, сондай-ақ еңбек өтіліме байланысты 2 миллион теңге көлемінде айлық аламын», - деді Жамбыл облысы әкімі.
Өңір басшысы алты бала тәрбиелеп отырғанын айтып, жалақысы бір ай ішінде толық жұмсалып кететінін жеткізді.
«Жеткілікті ме, жеткіліксіз бе, білмеймін. Алайда айлығым тек бір айға ғана жетеді. Себебі отбасымда 6 балам бар. Айлығымның басым бөлігін балаларыма, азық-түлікке жұмсасам, қалғанын өзіме жаратамын. Бір айдың ішінде 2 миллион теңге қаражат толық жұмсалады», - деді Нұржан Нұржігітов.
Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысы әкімі қызметіне 2022 жылдың сәуірінде кірісті. Оған дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Еске салайық, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері, өңір әкімдері мен депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жарияланатынын айтты.