×

Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендерді қолдау орталығы ашылады

«Қаңтар» орталығын құрушылар қатарында Мұхтар Жәкішев, Ораз Жандосов сынды тұлғалар бар

 Айнұр Шошаева 27.01.2022 | 15:03
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда қаңтар оқиғасының құрбандары мен зардап шеккендеріне құқықтық қолдау көрсететін орталық ашылады. Бұл туралы композитор Еркеш Шәкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін біз жүздеген азаматтың қаза тапқанын және із-түзсіз жоғалғанын, ал мыңдаған азаматтың жарақат алғанын және құқық қорғау органдары ұстағанын білеміз. Осы оқиғаның ақиқаты ашылып, оның жазықсыз құрбандарына көмек көрсетілмейінше, тарихымыздың осы қасіретті парағын жаба алмайтынымыз анық. Біз бейбіт шерулерге қатысып, заң аясында өз наразылықтарын білдіргендер мен осы мүмкіндікті пайдаланып, заңға қайшы әрекеттер мен қылмысқа барғандарды нақты ажырата аламыз, - деп жазды композитор фейсбуктегі парақшасында.

Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына қылмыскерлерді табуға көмектесуге дайын екенін жеткізді. 

«Жaуапты азамат ретіндегі біздің міндетіміз – бейбіт шерушілер мен қылмыскерлердің қолынан және құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен басқа да адамдарға көмектесу. Осыған байланысты біз Қазақстанның барлық аймағында қайғылы қаңтар оқиғасының құрбандары мен зардап шеккендеріне құқықтық қолдау көрсететін «Қаңтар» орталығын құрудамыз», – деп қосты Шәкеев. 

Орталық азаматтардан және кез келген қоғамдық ұйымдардан алған қаңтар оқиғасы салдарынан қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендер туралы ақпаратты жүйелеуге ықпал етумен айналысады. Сондай-ақ бейбіт шеруге қатысқаны үшін қудалаланып, заңсыз жауапқа тартылған, азапталған әрі басқа да азаматтық құқықтары бұзылып, зардап шеккен азаматтардың туыстарына заң тұрғысынан білікті көмек көрсетеді. 

Қор құрылтайшылары қатарында Мұхтар Жәкішев, Ораз Жандосов, Болат Әбілев, Евгений Жовтис, Арманжан Байтасов, Аружан Саин, Еркін Тәтішев сияқты есімдері елге белгілі азаматтар бар, – деді Еркеш Шәкеев.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама