«Бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ»: Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған 11 сақшы жазықсыз ба?

Еркеғали Болатұлы

Міндетіміз тек күзет болды деген олар, қамаудағыларды азаптауға қатыспағанын дәлелдегілері келеді

фото: azattyq-ruhy.kz

Алматыда қаңтар оқиғасынан кейін уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері ұсталған адамды азаптап өлтірді деген күдікке ілінген еді. Алайда істі болған 11 полицей тағылған айыппен келіспей, наразылық білдіріп отыр.

Қайғылы оқиға күні кезекшілікте болған күзетшілер қазір Медеу аудандық прокурорларына жауап беріп жатыр. Айтуларынша, жаппай тәртіпсіздіктерден кейін абақтыға қамалғандардың көбі ауыр жарақатпен келген. Міндетіміз тек күзет болды деген олар, қамаудағыларды азаптауға қатыспағанын дәлелдегілері келеді.

Қабылданған 11 адам денсаулығына шағым айтып, жедел жәрдем шақыртылды. Бірақ біреуі жедел жәрдем келгенше жүріп кетті. Сол адамды бізден көріп отыр, «сендер азаптап, ұрып өлтірдіңдер» деп. Ал біз тергеу әрекетіне қатыспаймыз. Тергеуші де, жедел уәкіл де емеспіз. Біздің міндет адамдарды қабылдау және күзету, - дейді Арнат Мейраділов атты полицей.

Олардың айтуынша, куәгерлер қинағандардың нақты атын атап, түсін түстей алмаған.

Ұрып-соғып әкелген фотоларды тергеуге көрсетіп келеміз. Айғақтарды көрсетеміз. Бірақ бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ. Қаңтар оқиғасында қамалған куәгерлер бізді «танымаймыз, көрмедік» деп отыр. Изоляторға ешқандай арыз-шағымымыз жоқ дейді, - деді келесі айыпталушы Аян Елубеков.

Таяқ жегендердің қызметкерлерді танымайтыны – полицейлердің бәрі бетпердемен жүрген. Оны тергеу ісімен айналысып жатқан прокурорлар да талай рет айтты. Ал бұл жолы қадағалаушы органның өкілі тілшілерге жауап бергісі келмеген.