Жайылым жерін беру кезінде заң бұзған 520 шенеунік жауапқа тартылды

Дәурен Ерболат

Бүгінде Қазақстанда 15 млн га жайылым жері жетіспейді

Фото: egemen.kz

Биыл жайылым жерін беру кезінде заң бұзған 520 шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, жер жетіспеушілігі мәселесінің туындауы жерді игеруге мүмкіндігі жоқ адамдардың алуымен байланысты болып тұр.

Салдарынан адал фермерлер мен ауыл халқы жайылымдарды пайдалану мүмкіндігінен айырылады. Бүгінде елімізде шамамен 15 млн га қоғамдық жайылымдар жетіспейтіні анықталды, бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюымен проблемалар туғызады, - деп жазылған хабарламада.

Биыл жағдайды жақсарту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп мемлекетке қосымша 5 млн га жерді қайтару жоспарланып отыр.

«Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жоспарларын бекітті. Бұл ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерді жеке адамдарға беруге жол бермеуге мүмкіндік береді», - деп жазылған хабарламада.

Жайылымдарды беру кезіндегі заңбұзушылықтар және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін прокуратура органдарының қадағалау актілері бойынша 520 лауазымды тұлға, оның ішінде 42 адам мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттері үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.