Алматы облысында 527,3 млн теңгенің контрабандалық темекісін тасымалдағандар ұсталды

Дәурен Ерболат

Бұл дерекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр

Фото: МКК баспасөз қызметі

Алматы облысында салықшылар құны 527,3 млн теңге болатын темекіні сатпақ болғандарды ұстады, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.

Қаскелең қаласы Алматы-Бішкек тасжолының 29-шақырымында орналасқан «Кристалл» қонақ үйінің аумағында 925 мың қорап заңсыз темекі (18,5 млн теңгенің темекісі) өнімі анықталды.

«Акциздік маркасы жоқ контрабандалық темекіні Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті және экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп анықтады. Барлық материал Қылмыстық кодекстің 233-бабы бойынша бұзушылық белгілерімен облыстық экономикалық тергеу департаментіне берілді», - деп жазылған хабарламада.

Төленбеген акциз шығын сомасы – 227,6 млн теңге, темекінің жалпы құны – 527,3 млн теңге.

Қылмыстық кодекстің 233-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотта күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 1 мың АЕК (3 млн 63 мың теңге, 1 АЕК – 3 мың 63 теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 1 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.