Хоккейден 39 спортшының 14-і кірме
Теннистен Үлкен дулыға турнирінің (Уимблдон) жеңімпазы Елена Рыбакинаның Мәскеу тумасы екені белгілі. Халықаралық аренада ел атын шығарып жүрген спортшыларымыздың арасында одан да басқа кірме спортшылар жетерлік.
Мәселен, Галина Воскобоева, Ярослава Шведова, Юлия Путинцева мен Анна Данилиналар да Мәскеу тумасы. Александр Недовесов украиналық болса, Александр Бублик Ресейдің Гатчина қаласынан шыққан. Андрей Голубев пен Михаил Кукушкиндер де Ресейдің Волгоград облысынан.
Жеңіл атлетикада да елдің атын кениялық спортшылар шығарып жатыр. Нора Джеруто, Каролин Кипкируи, Дэйзи Джэпкимэй есімді қыздар мен Шэдрак Коэч есімді жігіт және олардың жаттықтырушысы Кеннет Кепиего Ротич 2018 жылдың желтоқсан айында Қазақстан азаматтығын алған еді. Содан бері олар «Алтай Атлетикс» клубының мүшесі. Шэдрак Коэч 15-мамырда Нидерландының Венло қаласында алғашқы жартылай марафонын жүгіріп, 64 минуттық нәтижемен тоғызыншы келді.
Ал қыздар АҚШ-тың Юджин қаласында шілденің 15-24 аралығында өтетін жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына қатысып жатыр.
Шайбалы хоккейден мамыр айында Финляндияда өткен әлем чемпионатында ұлттық құрамамызда ойнаған 39 хоккейшінің 14-і шетелдік болды. Оның ішінде үш канадалық пен екі швециялықтан басқасы Ресейден келген.
Ал футзалдан ұлттық құрамадағы 15 ойыншының бесеуі: Леонардо де Мело Виейра Лейте, Гомесэдсон Дос Сантос, Тайнан да Силва Рего, Леонардо Домендонка да Роса «Лео», Дуглас да Силва Неггейрос бразилиялық.
Кірме спортшы футболда да бар. Тобыл клубы мен ұлттық құрама ойыншысы Сергей Малый Украинада туған. 2014 жылы қарағандылық Шахтер клубында жүріп азаматтық алды.
Баскетболда да ұлттық құрамамыздың ішінде Қырғызстан мен АҚШ-тан келген екі спортшы жүр. Мичиган штатынан келген Энтони Клеммонс 2018 жылдың желтоқсан айында ҚР азаматтығын алып, сол кездегі Қазақстан баскетбол федерациясының президенті Димаш Досанов өз қолымен жеке куәлігін табыстаған.