Киік санын реттеу мәселесін шешу бірнеше жылға созылуы мүмкін
Министр зерттеу қорытындысын жариялауға уәде берді
Қазақстанда киік санын реттеу мәселесін шешу үшін терең ғылыми зерттеу жұмысын бастаймыз. Ол бірнеше жылға созылуы ықтимал. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ол бұл жануар Қызыл кітапқа енгізілмегенін, бірақ оны аулауға тыйым салынғанын атап өтті.
Киік санын қалпына келтіру – сөзсіз Қазақстанның жетістігі, киіктің әлемдік популяциясының 95%-ы елімізде. Киік – қазақ үшін киелі жануар, ұлттық брендіміз де деуге болады. Оны сауатты басқару - біздің алдымызда тұрған үлкен міндет, барлық пікірді ескеріп, міндетті түрде ғылыми орталықтармен ақылдасып, мәселені жүйелі түрде шешу керек, - деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Серікқали Брекешев Президент сынынан кейін ғылыми ұйымдар, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен киік популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарастыру мәселесі бойынша кеңес өткізгенін атап өтті.
Мұндай популяцияны басқару мұқият дайындықты қажет етеді. Сондықтан біз Зоология институтымен терең зерттеу жұмыстарын бастаймыз және қорытындысын, әрине, жариялаймыз. Бұл жұмыс – бірнеше жылға созылуы мүмкін, - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, ғылыми зерттеулер жүргізілгеннен кейін киіктердің санын реттеудің баламалы әдістері белгілі болады.
«Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігін Ғылым комитетімен ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Техникалық тапсырманы әзірлегеннен кейін қажет сома анықталады. Зоология институты дайындық жұмыстарын бастап кетті», - деп түйіндеді сөзін басшы.
Айта кетейік, осыған дейін экология министрі бұл мәселені шешу Үкіметтен ақша сұраған еді.