Halyq Uni логотип
×

Қазақстандағы бүлікке қатысқан террористік ұйым анықталды

Елде тыйым салынған радикалды топтың мүшелері ұсталды

 Айнұр Шошаева 27.01.2022 | 11:55
Қазақстандағы бүлікке қатысқан террористік ұйым анықталды
коллаж: Halyq Uni

Бас прокуратура елдегі бүлікке «Йақын Іңкәр» ұйымының қатысқанын мәлімдеді. Ол – Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымының қанаты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Прокуратура аталған ұйымның мақсаты ел аумағында «халифат» құру, сол арқылы конституциялық құрылысты күштеп өзгерту және егемендікті бұзуды көздейтінін айтты. Бұл ұйым жақтаушылары басқа діндердің өмір сүру құқығын үзілді-кесілді жоққа шығаратындықтан Бас прокуратура оны діни экстремистік ұйым деп таныды.

Сондай-ақ 2018 жылы Қазақстанда «Йақын Іңкәр» ұйымының мүшелері сотталды. Қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық сотында қаралды. 

Айта кетейік, бұл ұйым Қырғызстанда экстремистік деп танылып, оның қызметіне тыйым салынған.

Бұған дейін дінтанушылар күштік құрылымдар кімдермен күресіп жатқанын айтқан болатын.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама