Көк түтіннің арасынан көк Туды алып шыққан жігіт мемлекеттік қызметкер екен
Аяқтан ыстық ұрды, бірақ бірінші ой көк туды аман алып қалу болды
Өртеніп жатқан ғимараттың шатырынан көк туды көтеріп алған азамат Сайрам ауданындағы жұмыспен қамту орталығының қызметкері болып шықты. Әлеуметтік желіде тараған видеода оның көзсіз ерлікке барғанын көруге болады.
Өрт тез арада ауыздықталды. Абырой болғанда ешкім зардап шекпеген. «Мемлекеттік ту өртеніп жатқанда қарап тұра алмадым» деген Қансейіт Мұхаммед кеше «1001 түн» бағдарламасына арнайы сұхбат берді.
«Қауіп-қатер төнді, бірақ ондай кезде ойланып тұратындай уақыт болмайды. Тек қана көк тудың астынан өрт шығып жатқанына қарап тұра алмайсың. Бір минут та ойланбайсың. Аяқтан ыстық ұрды, бірақ бірінші ой көк туды аман алып қалу болды. Ешқандай жарақат болған жоқ, Құдайға шүкір», - дейді Қансейіт Мұхаммед.