×

Алматы облысында ауыл жерлері шенеуніктер мен туыстарына берілген

2 жылдан бері бұқараның малы көк қуалап үйлердің жанын жағаласа, өзгелерінікі батпақ пен ну қамысты тебіндеп жүр

 Еркеғали Болатұлы 19.07.2022 | 10:18
фото: ашық дереккөз

Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұрлы ауылының тұрғындары жер бай-бағыландар мен жергілікті шенеуніктердің жақындарынан ауыспайды деп отыр. Ауыл әкімдігінің алдына жиналған үлкеннің де, кішінің де талабы бір – қалталылардың меншігіне кеткен жерлерді кері қайтару.

Жангелді деген кісі 120 гектар жер алған. Жастар ауылда қалсын дейсіздер. Ауылда қайдан қалады, істейтін жұмыс жоқ болса? Жермен айналысайық десек, жердің бәрін 400-500 гектарлап 8-ақ адам алып алған өздеріне, - деді ауыл тұрғыны Айдар Нүсіпбеков КТК телеарнасына берген жауабында.

Төрт түліктің арқасында күнелтіп отырған бұл ауылдың түтіні мыңнан асады. 2 жылдан бері бірінің малы көк қуалап үйлердің жанын жағаласа, өзгелерінікі батпақ пен ну қамысты тебіндеп жүр.

«Мына жерді Мұхит деген кісі негізі ағаш отырғызамын деп алған. Міне, ағаш көріп тұрған жоқсыздар, бәрі егістік. Соя, жоңышқа салып жатыр. Мына жағының бәрін түгел айналдырып қазып тастаған. Осы ауыл тұрғындарының малы түсіп, өліп жатыр. Оған жауапкершілікті ешкім мойнына алып жатқан жоқ», - дейді келесі тұрғын Есенаман Әбдіқайыров.

Жұрт заңсыз деп тапқан егістік алқаптарды тексеру біздің құзыретімізге кірмейді деген ауыл әкімі мәселенің барлығын тек аудан әкімдігі мен арнайы комиссияға ғана сілтеумен болды. Сондай-ақ ол ауылда жайылым жер жеткілікті деп отыр.

Мал жаятын жер жоқ дегенге келіспеймін. Нұрлы ауылы бойынша бізде 4 мың 200 гектар жердің мемлекеттік актісі шығарылған. Енді Еңбекшіқазақ ауданындағы жер комиссиянынан 2800 гектар жердің қорытындысы шығарылды. Қосымша 3200 гектар жердің қорытындысы тағы бар. Сондықтан мал жаятын жер бар. Ал егістік алқап туралы айтсам, Нұрлы ауылында негізі 2440 гектар жер болған. Оның қазір 2350 гектары пайдаланылып жатыр, - дейді Масақ ауылдық округінің әкімі Ертай Нұрмаханов.

Алайда жұрт атын атап, түсін түстеген жер иелерінің кейбірі кезіндегі, енді бірі қазіргі шенеуніктер немесе солардың жақындары, дос-жарандары екен. Бірақ әкімдіктегілердің оларға шаң жуытқысы жоқ. Ендігі үміт облыстың жаңа басшыларында. Көпшілігі прокуратура мен сотқа арызданып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама