Сүт те 22%-ға қымбаттады
Саладағы өндіріс төмендеп жатыр
Елімізде ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі 235,3 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 7 пайызға аз. Бұл осы кезең бойынша 6 жылғы үздіксіз тұрақты өсімнен кейінгі алғашқы құлдырау.
Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, сүт пен кілегей өндірісінің жартысы Солтүстік Қазақстан (75,7 мың тонна) және Алматы (44,2 мың тонна) облыстарына ғана тиесілі. Өндірістің айтарлықтай көлемі Ақмола (34,2 мың тонна) және Қостанай (28,5 мың тонна) облыстарында да байқалды.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша отандық сүт кәсіпорындары сүт пен кілегейге сұранысты (ішкі нарықтағы сату мен экспорттты қосқанда) 95,9%-ға қамтамасыз етті. Осы кезеңде өндіріс 189,5 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 6%-ға аз, ал импорт, керісінше, 4,2%-ға өсіп, 8,1 мың тоннаны құрады. Нәтижесінде импорттық сүт пен кілегейдің үлесі ресурстардың 3,7%-дан 4,1%-ға дейін өсті.
Ішкі нарықтағы сату көлемі 3,7%-ға, 192 мың тоннаға дейін қысқарды, ал экспорт 5,6 мың тоннаға дейін екі есеге жуық қысқарды.
Ағымдағы жылдың маусым айында сүт бағасы айына 2,4%-ға, жыл басынан бері 17,2%-ға және бір жылда 21,5%-ға өсті.
Салыстыру үшін: өткен жылы бағаның жылдық өсімі небәрі 9,5 пайызды құраған болатын.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында шикі сүтті тұтыну орташа есеппен жан басына шаққанда 3,5 литрді құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз. Кілегей тұтыну, керісінше, бір жарым есе өсті, бірақ жан басына шаққанда орташа есеппен 47 миллилитрге дейін ғана.
Сүтті тұтыну аймаққа байланысты айтарлықтай өзгеріп отырады. Мәселен, қалалық жерлерде 2022 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққандағы шикі сүтті тұтыну орташа есеппен 1,73 литр болса, ауылдық жерлерде бірден 6,04 литрді құрады. Кілегей тұтыну бойынша айырмашылық онша көп емес: ауылда орташа жан басына 41 миллилитр, қалада 51 миллилитр.
Еске сала кетсек, бұған дейін министрлік қанттың орташа бағасы қанша теңге екенін айтқанын жазған болатынбыз.