Елордада ірі көлемде алаяқтық жасаған ер адам ұсталды
Ол біреудің мүлкін заңсыз иеленген
Нұр-Сұлтанда полицейлер ірі көлемде алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өзіне тиесілі Neoplan автобусын сатуға қойғанын, кейін оны белгісіз адам иемденіп кеткенін айтқан.
Күдікті жәбірленушіге телефон арқылы хабарласып, оның сеніміне кірген. Кейін оның құны 5 млн теңге тұратын автобусын иемденіп, ақшасын кейін беретінін айтқан. Сондай-ақ ер адам арызданушыдан тағы 1,5 млн теңге алып, байланысқа шықпаған.
Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны іздеуге кірісті. Нәтижесінде алаяқ Нұр-Сұлтанда ұсталды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталды. Күдікті жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толық өндірілді, - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 1-бөлігі («Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе сенімді теріс пайдалану») бойынша қылмыстық іс қозғады.