Көпбалалы ана Балғынбек Имашевқа алданғанын айтты
Әзірге айтыскер ақынның өзі жауап берген жоқ
Елордада бір топ тұрғын айтыскер ақын Балғынбек Имашевқа алданып қалғанын айтып, үндеу жасады.
Өзін Ақсана деп таныстырған көпбалалы ана айтыскер ақын құрған кооперативке алданып қалғанын айтып, жәбірленушілердің ешқайсы үй беретін ұйыммен сату-сатып алу келісімшартын жасамағанын жеткізді.
Айтуынша, 2021 жылдың тамыз айында ол кісі әлеуметтік желідегі парақшасында кооператив құрып, 300 мұқтаж адамға үй алып беретінін айтып, кезекке тұруға шақырған.
Бұл қор ма, кооператив па білмейміз, себебі, қызметкерлердің өзі дұрыс ақпарат бермеді. «Кезекке тұра беріңіздер, бір орынның құны 150 мың теңге тұрады» деді. Ол кезде алтыншы балама аяғым ауыр еді, жүктілікке берілетін жәрдемақы түсіп, бірден кезек сатып алдым, қолымда түбіртегім бар, - деді көпбалалы ана.
Балғынбек Имашев келісімшарт дайын болған кезде кеңсесіне шақыратынын айтқан. Қараша айында айтыскер ақын тікелей эфирге шығып, құжаттарының заңды түрде шыққанын мәлім еткен.
«Бұл бір пирамида сияқты болып шықты. Балғынбек ол кезде бір базар салып жатқан. Менің болжауымша, біздің ақшамыз сол жаққа кетіп қалды», - деді Ақсана есімді көпбалалы ана.
Жәбірленуші келіншек құқық қорғаушы өкілімен бірге ақын құрған кооператив кеңсесінен тікелей эфирге шығып, күні бүгінге дейін ақынға алданған 300-ге жуық адам барын айтты.
Ал, ақынның өзі бұл жағдайға қатысты әлі күнге дейін жауап берген жоқ.