Аға сержант-старшина кабинетіне шақырып, сарбазды ұрып-соққан
Атырауда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2016 әскери бөлімінде қызмет ететін Маңғыстаудан келген әскери қызметші Медет Амангелді медициналық көмекке мұқтаж. 11 шілде күні офицерден қатты таяқ жегеннен кейін 19 жастағы сарбаздың денсаулығы күрт нашарлаған, деп хабарлайды azh.kz.
Медет Амангелдінің туыстары бұл туралы 15 шілдеде білген екен. Олардың айтуынша, әскери бөлім «Медет ақыл-есінен айырылды» деп хабарланған. Осы жағдайға байланысты сарбаздың туыстары келіп, әскери бөлімнің алдына жиналған.
Медеттің анасы Дина Мергенбаеваның айтуынша, ұлы өте әлсіз, жөнді сөйлей алмайды. Ол 9 шілдеде ұлымен ұялы телефон арқылы сөйлескен кезде: «апа, уайымдамаңыз, менде бәрі жақсы», деген екен. Ана жарақат алған ұлының басын ЭКГ және МРТ аппараттарына түсіруге келгенін айтады. Бірақ әскери бөлімнің басшылығы сарбазды ауруханаға апаруға рұқсат бермеген.
Ал Медеттің әкесі әскери бөлімнің бір апта бұрын, яғни баласы жарақат алған кезде «жедел жәрдем» көлігін шақырмағанын түсіне алмай дал. Ол әскерилер дәрігерлермен келісіп, шынайы диагнозды жасырмақ деген пікірде.
ҰҚК Атырау облысы бойынша Шекара қызметі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Ғалымжан Дүйсов әскери бөлімнің алдында жиналған сарбаздың туыстары мен БАҚ өкілдеріне дәл қазір жағдайға қатысты түсінік бере алмайтынын мәлімдеді. Ол үшін басшылықтан рұқсат алуы керек екен.
Кейінірек Медет Амангелдінің облыстық ауруханаға жатқызылмайтыны белгілі болған. Дәрігерлер тек сарбаздың денсаулығын тексеріп, бірнеше сараптама жасалады.
Медет Амангелдінің айтуынша, 10 шілде күні ол басқа сарбаздармен бірге өзінің туған күнін атап өткен. Ал келесі күні түскі үзіліс кезінде аға сержант-старшина кабинетіне шақырып, сарбазды ұрып-соққан. Бірақ Медет өзінің туған күнін тойлауға алдын-ала рұқсат алғанын айтады.
Біз бұған дейін Жамбыл облысындағы әскери бөлімде маңғыстаулық сарбаздың қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.