Бейнебаян небары алты күннің ішінде Youtube желісінде 1,7 миллион қаралым жинап үлгерді
Әлеуметтік желіде елдің назарына іліккен «Ұйқым келмейді» әнінің авторлары ақын Рамазан Амантай мен композитор Диана Исмаил туындыға қатысты пікір білдірді. Олар барша тыңдарманды әнді әзіл ретінде қабылдауға шақырды.
«Ұйқым келмейді» әніне түсірілген бейнебаян небары алты күннің ішінде Youtube желісінде 1,7 миллион қаралым жинап үлгерді. Туынды желіде сынға ұшырап жатса да, көпшілік әнге түрлі видео түсіріп, оның танымалдылығын арттыруда.
Хит әннің авторлары Рамазан Амантай мен Диана Исмаил желіде ерекше суреттер жариялап, көпшілікке үндеу жасады. Фотода Рамазан, Диана, қоюшы-оператор Қанатжан Мырзағалиев пен режиссер Мерей Маханов бой көрсеткен. Олар өз үндеуін киіміне жазып алған.
Ниет түзу, көңіл ақ! Әрқашан күлімдеп жүрейік. Осымен осы тақырып жабылсын, - деп жазды Рамазан Амантай Instagram-дағы парақшасында.
Бұған дейін ән орындаушысы Алина Шакиева әннің хит болып кетуінің себебін түсіндіруге тырысқанын жазған болатын. Көптің сынына қарамастан ол туынды көңілінен шыққанын айтты.
Біз бұған дейін желіні шулатқан «Өзіме қатты ұнады» әнінің орындаушысы туындыға қатысты сұхбат бергені туралы жазған болатынбыз.