Шешім дауыс беру нәтижесінде таңдалды
Шымкентте жаңадан құрылған бесінші аудан «Тұран» деп аталатын болды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Жаңа атау қала тұрғындары, ардагерлер қауымдастығы, жастар өкілдері және Шымкент Азаматтық альянсы қатысқан қоғамдық тыңдауда таңдалды. Осыған дейін қала 4 ауданға бөлінген: Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау.
Үшінші мегаполисте бесінші аудан құрылатыны туралы шілденің басында белгілі болған еді.
Тұран ауданы қаланың батыс бөлігінде орналасады. Оның ауданы – 36,3 мың га, халық саны – 220,7 мың адам.
Жаңа ауданның атауын таңдауға шаһардағы барлық тұрғын қатысқан. Тіпті, әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, дауыс бергендердің 63,5 %-ы Тұран атауын қолдаған.
Енді қалалық ономастика бесінші ауданның атауын мақұлдап, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберуі керек. Соңғы шешімді республикалық комиссия қабылдайды.