×

Ақтөбедегі Есет батыр ауданында қаңғыбас иттер тағы бір адамға шапты (ФОТО)

Иттер балаға қарай жүгірген, анасы баланы қолына алып үлгерген

 Еркеғали Болатұлы 18.07.2022 | 16:46
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде мектеп оқушысын иттер талап өлтірген Есет батыр ауданында тағы бір оқиға тіркелді. Топтасып жүрген 7-8 қаңғыбас иттің бірі балалы әйелдің аяғынан қауып алған. Болған жайтқа қатысты облыстық ветеринария басқармасы пікір білдірді деп хабарлады NUR.KZ.

Оқиға 15 шілде күні болған. Бұл туралы жәбірленушінің жолдасы айтып берді.

«Кешкі мезгілде болды. Өзіміз Есет батыр ауылының 4-шағынауданында тұрамыз. Сол күні келіншегім 2 жасар баламмен 3-шағынауданына барды.

Құрылыс болып жатқан жерден 7-8 ит шығып, шабуылдаған. Келіншегім баланы қолына алып үлгерген, өзінің аяғынан тістеп алды. Жан-жақтан ит қаумалап жүгіргенде сол жерде адамдар болып, құтқарып қалған. Адам болмаса, не боларын ойлаудың өзі қиын, - дейді Тимур Бисембаев.

Келіншектің шырылдаған дауысын бірінші болып құрылыс басындағы күзетшілер естіген. Бірден таяқпен шығып, иттерді қуалаған. Оқиға куәгерлері балалы ананы иттен әрең ажыратып алғандарын айтады. Адамға шапқан хайуандардан әбден үрейленіп қалған аудан тұрғындары жергілікті биліктен қолданылатын шараны күшейтуді талап етіп отыр.

Аудан тұрғыны Алтынгүл Жарылғапова қызын ит талап, құйқасына дейін жұлып алған оқиғаның да тап сол жерде болғанын айтады.

«Мынау масқара ғой. Ит десе жанымызды қоярға жер таба алмай отырмыз. Кеше балалы келіншекті ит тістеді. Оқиға менің қызымды ит талап, құйқасына дейін жұлып алған жерде болды. Біз көктемде болған оқиғаны ұмыта алмай жүргенде жағдай тағы қайталанып тұр. Естуімше, иттер балаға қарай жүгірген. Анасы баланы қолына алып үлгерген. Адамға шауып үйренген иттерден қашанға дейін қорқып отырамыз? Біз Үкіметтен нақты, қатаң шара қолдануды сұраймыз», - дейді Алтынгүл Жарылғапова.

Облыстық полиция департаменті келіншекті ит тістеу оқиғасына қатысты арыз түскенін растайды. Полиция шара қолдану үшін істі ветеринария басқармасына жіберген.

Есет батыр ауданында болған соңғы жағдайдан кейін сенбі, жексенбі күндері Ақтөбе қалалық ветеринарлық станциясы 19 бас итті аулады, - деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың басынын 2 наурызға дейін облыс бойынша 3 792 ит ауланып, жойылған. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 2 294 ит ауланды.

Ал «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң 2 наурызда заңды күшіне енген сәттен бастап облыс бойынша 4 302 қаңғыбас және қараусыз ит ауланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама