Санаторий «Халық банкі» АҚ-тың балансына берілді
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануымен күрес жөніндегі комиссия «Қазақстан» шипажайы мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Ішкі істер министрлігі 2020 жылдың 15 мамырында «Қазақстан» шипажайының экс-басшысы Сұлтан Қазбектің жемқорлық ісіне қатысты күдікпен ұсталғаны туралы хабарланған болатын. Ол 2013 жылы шипажай ғимаратын күрделі жөндеуден өткіземіз деп банкке рентабельділігі жоғарылағаны туралы жалған ақпарат беріп, 2,6 млрд теңге көлемінде несие алған.
Маусым айында Бас прокуратураның сот актісі қанағаттандырылды. Осыған сәйкес, бұған дейін 2,6 млрд теңге несиені қайтармағаны үшін мемлекет құны 12 млрд теңге болатын Қазақстан шипажайының меншігінен айырылды. Санаторий «Халық банкі» АҚ-тың балансына берілді, – деп хабарлады комиссия.
4 мамырда «Қазақстан» шипажайының бұрынғы басшысы Қазбек Сұлтан мен оның қызы Аяна Бейсебаеваға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Соған сәйкес, шипажайдың бұрынғы басшысы 10 жылға, оның қызы 7 жылға абақтыға қамалды.