«Олимп» БК-ден 5,5 млн доллар мен 200 мың еуро Ұлттық банкке аударылды
Кеңсе басшысы мемлекетке 95 млрд теңге шығын келтірген
Қазіргі уақытта «Олимп» букмекерлік кеңсесінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген 5,5 миллион доллар мен 200 мың еуроны Ұлттық банкке аудару рәсімі жүріп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Қапшағай қалалық сотының 2022 жылғы 6 маусымдағы мемлекетке 95 млрд теңге шығын келтірген осы букмекерлік кеңсенің басшысы С. есімді азаматты колония-елді мекенге ауыстыру (қамауда ұстау жағдайларын жеңілдету) туралы қаулысының күшін жою туралы жеке өтінішхат берілді, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге ведомство мәліметінше, осы іс бойынша мемлекет пайдасына 3,6 млрд теңге, төрт ұшақ, бес жер телімі, 15 автокөлік, Алматыдағы 30 жылжымайтын мүлік (тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар, т.б.) тәркіленді.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың желтоқсанында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері «Олимп» букмекерлік кеңсесінің қызметкерлері экспорттаған қаражатты Қазақстаннан тысқары жерлерге заңсыз әкету арналарын анықтап, бұғаттаған болатын. Сонымен қатар, компания қазақстандық заңнама нормаларын бұзып, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, лицензиясыз қызметті жүзеге асырған. Бұл ретте олардың тапқан табысына салық салынбағаны анықталды.
Кейіннен бұл әрекеттердің салдарынан мемлекетке 95 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келгені белгілі болды. Ал жүргізілген салықтық тексерулерден кейін өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке алғанда тағы компанияда 145 млрд теңге төлеуге міндеттелді, оның 62 млрд теңгесі «Olymp.kz букмекерлік компания» ЖШС-не, 83 млрд теңгесі «Альфа-бет» ЖШС-не тиесілі.
Сондай-ақ 2021 жылдың маусымында «Олимп» БК қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды. Ол кезде Алматы қаласының Алмалы аудандық соты оларды 5 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.