Halyq Uni логотип
×

Мыңнан астамы – Ұлыбританиядан: елімізде 16 мың шетелдік жұмыс істеп жүр

Елімізде шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 766 жұмыс беруші бар

 Еркеғали Болатұлы 18.07.2022 | 10:34
Мыңнан астамы – Ұлыбританиядан: елімізде 16 мың шетелдік жұмыс істеп жүр
фото: ашық дереккөз

Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 16 061 шетел азаматы еңбек етіп жүр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 603 рұқсат (бірінші санат), сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 131 рұқсат (екінші санат) бар.

Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше олар – 7 970 және 1 021 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 430 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 906 адам тартылған.

Қазір елімізде шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 766 жұмыс беруші бар екен. Оларда 397 мыңнан аса Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз – жұмысшылардың жалпы санының 96%-ы.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін министрлік шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты, - делінген хабарламада.

Жалпы, бізге еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай (3 587 адам), Түркия (1 820 адам), Үндістан (1 691 адам), Өзбекстан (1 563 адам) және Ұлыбритания (1 123 адам).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама