Шенеуніктің тергеу изоляторында өткізген бір күні – екі күн деп есептеледі
4 миллион 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен қамауда отырған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың соты әлі басталған жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот ісі мамыр айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті шенеунікке қатысты қылмыстық істі зерттеп, оны прокуратураға жібергеннен кейін басталуы керек еді. Өз кезегінде қадағалау органы істі зерттеп, оны сотқа жіберді. Бірақ іс №2 қалалық соттa қалып қойды.
Бір ай бұрын облыстық соттың баспасөз қызметі Хаменованың ісіне төрағалық еткен судья басқа іс бойынша кеңесу бөлмесіне кеткенін айтты. Алайда, осыдан кейін бірде-бір сот отырысы болған жоқ.
Сот отырысы 12 шілдеде басталуы керек еді. Бірақ қайтадан белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.
Белгілі болғандай, Бақытгүл Хаменованың сотына төрағалық еткен судья Дәуренбек Даумов Президенттің жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы №2 аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды. Енді Атырау қалалық №2 сотында тағы бір судьяның тағайындалуын күтіп отыр, ол бір айға созылуы мүмкін.
Айта кету керек, шенеуніктің тергеу изоляторында өткізген бір күні – екі күн деп есептеледі.
Еске салсақ, Бақытгүл Хаменова 2021 жылдың 22 желтоқсанынан бері тергеу изоляторында отыр. Ол 10 желтоқсанда Атырауда 145 миллион теңгеге Абай ескерткішін дайындау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасағаны үшін ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Жауап алынғаннан кейін оны уақытша ұстау изоляторына қамады.