Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда көмір күрт қымбаттауы мүмкін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандықтарға көмірді ертерек сатып алуға кеңес береді

 Халық үні 16.07.2022 | 10:27
Қазақстанда көмір күрт қымбаттауы мүмкін
Фото: ашық дереккөздерден

Әдетте әкімдер «қыстың қамын ерте қамдаңдар, көмірді жазда алып қалыңдар"»деп елді ерте дүрліктіріп жатады. Жайбасар жұрт құлағына ілмес. Ал отын бағасы жазда арзан екенін білетін әрі әкімдер үндеуіне ден қойған адамдар алуға көмір таппауда.

«Алдағы уақытта Қазақстанда көмір күрт қымбаттауы мүмкін»

Жылда Үкімет жаңа жылыту маусымына дайындыққа тамызда кіріседі: сонда Министрлер кабинеті отырыстарының күн тәртібіне осы тақырып шығады. Бірақ биыл сарапшылар дайындықты жылдағыдан ертерек бастау қажеттігін қаперге салуда. Себебі, биыл тасымал жағы күрделі болатыны аңғарылуда. Сондай-ақ қаржылық-экономикалық дағдарыс сала ойыншыларының қатарын селдіретті: тасымалдаушы ұйымдар саны азайған. Бұған антимонополиялық органның биржадағы делдалдармен күресі де ықпал етті. Бұдан бөлек, әлемде энергетикалық дағдарыс өршуде.

 Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандықтарға көмірді ертерек сатып алуға кеңес беріп отыр. Ведомствода жауапты барлық тараптардың өкілдері жиылып, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелерін талқылады. Қазіргі кезде министрлік бюджеттік ұйымдар мен халықтың көмірге деген қажеттілігінің 2022–2023 жылдарға арналған жоспарын қалыптастырды.

Оған сәйкес, алдағы жылыту маусымын лайықты өткізу үшін 9,5 млн тонна көмір қажет: ішкі жалпы тұтыну көлемі осындай. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға 2,8 млн тонна қарастырылса, басым бөлігі – 6,7 млн тонна көмір үйінде пеш жағатын халыққа арналған.

Келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын министрлік 2022 жылдың наурызынан бастады. Жергілікті әкімдіктердің өкілдеріне биылғы 15 шілдеден халыққа арналған көмірді дайындау жұмыстарын бастау ұсынылды. Сондай-ақ министрлік алдағы қысқы маусымда көмір тапшылығын болдырмау мақсатында арнайы Жол картасын әзірледі. Ол карта жұмысқа алуы үшін барлық облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жолданды, – деді ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов.

Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жауапты тұлғаларға жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Өзге өңірдегі шенділер қалғып-шұлғып, жазғы демалыстың жайын ойлап отырғанда, бораны ақтүтек, аязы ақшұнақ Солтүстік Қазақстан облысы астанадағылардың пәрмен беруін күтіп отырмай-ақ, жергілікті тұрғындар арасында көмірді қазірден сатып алу қажеттігін түсіндіре бастады. Петропавл қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі әлеуметтік желілерде көмірді қазірден қайдан алуға болатыны туралы ақпарат орталастырды. Бұл ретте облыстағы бірқатар ауыл-кенттердің тұрғындары да қаладан таситын көрінеді.

Қысы қытымыр Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарынның тұрғындары сияқты, солтүстікқазақстандықтар да көмірдің 2 түрін ғана сатып алады. Бұл – Шұбаркөл және Қаражыра көмірлері. Басқа көмір түрлері сақылдаған аязға сайма-сай жылу бере алмайды деседі.

Ал жалыны ұзын, қызуы жақсы Майкүбі көмірі кірпияз көрінеді. ТЖ мамандарының түсіндіруінше, көмірді алдымен күн астында кептіріп алған жөн. Содан кейін арасында қуыстар қалып қоймау, ауа кіріп кетпеу үшін жақсылап тығыздау керек. Бұл ретте көмірге ағаш жаңқалары, қағаз-қатырма, мата араласып кетпеуін қадағалаған ләзім. Сонымен сақтау орнына да мән беріп, ауа температурасын бақылау қажет: егер жақсы желдетілмейтін, аптапта іші қапырық болатын бөлмеде тұрса, ауа қызып, көмір өздігінен өртенуі ықтимал. Мамандар температура 60–65 градусқа жетсе, көмірдің өздігінен жалынға оранатынын еске салады.

Негізі, кез келген көмірде өздігінен өрт шығуы мүмкін. Елде мұның жыл сайын жүздеген фактісі тіркеледі. Содан Қарағанды облысында ТЖ мамандары көмір түрлерінан сынама алып, сараптама жүргізіп, бұл тұрғыда қайсысының қауіптірек екенін анықтапты: өрт сөндірушілердің сендіруінше, Майкүбі көмірі олардың ең көп алаңдаушылығын туғызған. Бұған тас отынның химиялық белсенділігі әсер етеді: көмірге су, ылғал тисе, реакция жүріп, температура күрт артады, қызған жерден жалын шығады. Сондықтан көмірді сақтауда абай болған жөн.   

Қысқа дайындыққа алғашқы болып кіріскен Петропавлға келсек, қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша көмір қазірден 3 тұйықта саудаланып жатыр. Алайда көмір іздеп барғандар оны таба алмай жүр: маусым айынан бері саудаға шығарылған осы отынның 1,7 мың тоннасы сатылып кетіпті. Жалпы алғанда, Солтүстік Қазақстан облысының өзі жылыту маусымында 419 мың тонна көмір тұтынады.

«Айқын» газетінің жергілікті тілшісіне сұхбатында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Айболат Әубәкіров Шұбаркөл көмірі тиелген 30 шақты вагон келе жатқанын хабарлады. Олардың жөнелтілгеніне 4–5 күндей өтіпті. Бірақ неге екені белгісіз, теміржол жеткізілімді кешеуілдетіп жатқан көрінеді.

Қарағанды сұрыптау стансасына дейін 400 шақырымдай учаске бар. Вагондар сол маңайда қаңтарылып тұрып қалған. Оның себебін тек «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы ғана түсіндіріп бере алады. Жалпы, соңғы он күн ішінде 90 вагон көмір сатылып кетті. Жоспар бойынша мұнда айына 100 вагон жеткізіледі. Қазір жоспар орындалды, – дейді Айболат Әубәкіров.

Әкімдіктің айтуынша, ең танымал Шұбаркөл көмірінің 1 тоннасы 14,8 мың теңгеден, Қаражыра көмірі 15,5 мың теңгеден басталады.

Көмір бағасы жазда өзгеріссіз қалады. Бірақ күзгі маусымда бағасы көтеріледі деп күтілуде. Осыған байланысты көмірді ертерек сатып алуға кеңес береміз, – деп хабарлады қалалық ТКШ бөлімі.

Саудаға ебі бар азаматтар осы шақта қалтасы көтерсе, әрі сақтайтын жері болса, бірнеше тоннасын сатып алады да, күзде жақсы бағаға сата алады. Ғаламтордағы сауда алаңдарында, әлеуметтік желіде қаппен саудалайтындары да бар. Себебі, күзде көмірге қатысты нағыз қырқыс басталады: жасанды тапшылық туғызылады, кейде тұйықтарда тек «Камазбен» көтерме сатады, ұзын-сонар кезек қалыптасады, кезектегі орынды сатушы делдалдар пайда болады. 

Оның үстіне әкімдіктің сендіруіне қарамастан, кейбір көмір сату алаңдары бағаны көтере бастады: Қаражыра көмірінің 1 тоннасы 17 мың теңгеге жетті. «Проминвестугол» ЖШС директоры Игорь Шевченконың түсіндіруінше, өзге компаниялар теміржол тарифтерін көтерген. "Қазақстан темір жолы" да өз тарифтерін 1 қазаннан бастап ұлғайтады деген дерек бар. Сонда көмір бағасы ары қарай шарықтауы мүмкін. Ендеше қажетті көмірді дәл қазір алғандар ұтады.

Жалпы, өңірлерге көмір сатуға кірісу туралы тапсырма 15 шілдеде берілгені айтылды. Әзірге ауыл-аймақтарда бұл тұрғыда белсенділік байқалмайды. Жұртшылық жергілікті әкімдіктердің сату алаңдарын – тұйықтарды ұйымдастыруын күтіп отырған сыңайлы. Алыпсатарлар өңірлерде қазірден хабарлама арқылы көмір сатып алуды ұсына бастады. Бағасын айтпайды: «Бағасы келісім бойынша». Дегенмен, Майкүбі көмірінің 1 тоннасы 11,5 мың теңге тұратыны анықталды. Үйге дейін жеткізіп береді. Бұл баға да келесі айда өзгеретіні түсінікті.

Еліміздің бас қаласы қысқы маусымның қамын ерте жасап жатқан жоқ. Алтай Көлгіновтың командасы елорданы толық газдандырып, жылдағы қырғын «көмірталапайды» қорқынышты түстей ұмытқысы келсе керек.

Астанада газ құбыры жетпеген 2 аудан – Байқоңыр мен Есіл қалды: оларда газ құбырының құрылысы биыл басталды. Әрине, аспанға мойынсұнған заңғар үйлердің көбі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қосылмағаны – жеке қазандығы арқылы газбен, мазутпен жылынады. Сондықтан газ құбыры пеш жағатын жеке үйлер мен коттедждер көп Үркер (Ильинка), Өндіріс, Пригородный, Тельман елді мекендеріне, сол сияқты «Family Village», «Garden Village» шағын аудандарына қарай төселуде. Шұбар коттедждер қалашығына қатысты жобалау жұмысы жүріп жатыр.

Есіл және Байқоңыр ауданында газ құбырының құрылысы басталды. Ал үйді-үйге тармақталатын желілердің құрылысына келесі жылы кірісеміз. Қалада 2 аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент үшін газ қолжетімді. Оның ішінде 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды, 3,6 мыңнан астам үй немесе 25%-дан астамы газға қосылды, – деді Алтай Көлгінов.

ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің 13 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды, Тоқтаған ЖЭО-3 құрылысы қайта жанданды. Елорданы газдандыру барысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екен.

Жалпы, әлемдегі энергетикалық дағдарыс аясында жаһандық нарықта көмір бағасы рекордтық шамаға қымбаттады. Былтыр халықаралық биржада 1 тоннасы 140 доллардан сатылса, қазір 420 долларға дейін барып қайтты. Ал дүниежүзінде Ресейдің соғысы кесірінен қуат тапшылығына қатысты күйзеліс күшейіп барады. Қыста шырқау шегіне жетуі мүмкін.

Сондықтан қазақстандықтарға құр қарап отырып, қапы қалмау үшін шынында, қысқы отынды қазір сайлап қойған орынды.

Дереккөз: inbusiness.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама