«Баз Лайтердің» жыры: Министр түсініктеме берді
Анимациялық фильмнің көрсетілуіне қарсы петиция 35 мың қол жинаған
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook желісіндегі парақшасында «Buzz Lightyear» анимациялық фильміне қатысты бір күн бұрынғы жазбасына байланысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, сөз аталмыш туындының елімізде таратылу жұмыстары жүргізілмейтіні туралы болған. Алайда бірнеше БАҚ өкілдері мен блогерлер оның сөзін өзінше түсініп, бұрмалап алғанын жеткізді.
Бұған қоса Дәурен Абаев бірқатар БАҚ өкілдерінің Қазақстанда мультфильмнің көрсетілуіне тек продюсер Нұртас Адамбай ғана қарсылық танытты деген мәлімдемелері шындыққа жанаспайтыны айтты.
Министр желіде «Buzz Lightyear» мультфильмінің көрсетілуіне тыйым салуға байланысты петиция 35 000 қол жинағанын еске салды. Оған «Қарсы» тек 4 мыңға жуық қолданушы болды. Сонымен бірге министр әкімдіктер осы мәселеге қатысты митинг өткізуге бірден бірнеше өңірлерден өтініштер түскенін хабарлағанын атап өтті.
Министрлік пен жергілікті атқарушы органдарға азаматтардан көптеген өтініштер түсті. Оларды ескермеу – еліміздің қарапайым азаматтарының үнін елемеу деген сөз. Ашық мемлекеттік құралдар осы үшін жасалған ғой, – деп жазды Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, өтініштерді сараптаудың нәтижесінде азаматтардың наразылығы көпшілік «жасырын», «кінәсіз», «бірнеше секундқа созылған» деп атаған біржынысты жұптың сүйісіп қалу фактісіне қатысты туындамаған. Азаматтардың ашуын туғызған мәселе – фильмде бір жынысты махаббат сюжеті туыстық байланыстар мен ұрпақтарды біріктіретін өмірлік нормаға айналу фактісі.
Біз министрлік ретінде мұндай оқиғалар заңға қайшы болмаса, этикалық тұрғыдан бағаламаймыз, бірақ қоғамдық пікірді де ескермеуге болмайды, – деп түсіндірді министр.
Дәурен Абаев жоғарыда айтылғандардың барлығын талдай келе, министрлік фильмнің Қазақстан Республикасы аумағындағы ресми дистрибьюторымен бірнеше рет кеңестер жүргізгендігін мәлімдеді. Белгілі бір ұсыныстар айтылып, туындыға тыйым салынбағанын айтты. Дегенмен, оның айтуынша фильмдердің прокаты – бұл бизнес. Ал бизнес әрқашан тәуекелдерді, оның ішінде болжауы қиынға соғатын салдарды ескереді.
«Жоғарыда аталған барлық факторлардың жинақтай келе, фильмді прокатқа шығармау туралы шешім қабылданды», – деп қорытындылады Мәдениет және спорт министрі.
Еске сала кетсек, бұған дейін атышулы «Баз Лайтер» анимациялық фильмі кинотеатрларда көрсетілмейтіні туралы жазған едік.